Ерлігі ерен сақшылар
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Қазақстан Полициясы күні» қарсаңында қызметте еңбегі ерен учаскелік полиция инспекторларын марапаттады. Аймақ басшысы келесі жылдан бастап «Үздік учаскелік инспектор» номинациясында арнайы сыйақы тағайындауды ұсынды.

– Сіздерді алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер тәулік бойы аптасына жеті күн қоғам тыныштығын кірпік қақпай күзететін тәртіп сақшысысыздар. Біз мұны бағалаймыз және полиция органдарының материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Биыл полицияның қажеттіліктеріне екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Келесі жылдан бастап «Үздік учаскелік инспектор» номинациясы бойынша 2 млн. теңге көлемінде арнайы сыйақы тағайындауды ұсынамын. Тек оны халықтың шын көңілінен шыққан лайықты полицейлер алуы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысының учаскелік инспекторлармен кездесуі алғаш рет ұйымдастырылып, Қарағанды облысының Полиция департаментінің бастығы Санжар Әділовтің қатысуымен өтті.
– Бүгінгі таңда облыстағы учаскелік полиция инспекторларының штат саны 535 адамды, 53 көмекшіні құрайды. Соңғы үш жылда учаскелік полиция инспекторларының әлеуеті едәуір артты. «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша былтыр полицияның үш жаңа учаскелік пункті ашылды. Біздің өңірде Теміртау мен Қарағандыда екі шыны пункті жұмыс істейді. Олардың елде баламасы жоқ. Инспекторлар құқық бұзушылардың әрекеттерін тіркеуге арналған бейне жетондармен және планшеттермен жүз пайыз жабдықталған. Біз полиция жұмысын жетілдіруді жалғастырудамыз, – деп атап өтті Санжар Әділов.
Өңірде учаскелік полиция пункттерін біртіндеп жаңарту жоспарлануда.
– Қолда бар пункттерді жөндеу бойынша үш жылдық жоспар әзірленеді. Сондай-ақ, инспекторлар өмір сүріп, жұмыс істей алатын іргелес үй-жайларды бөлу мәселесі шешілуде. Инспекторлар үшін қарапайым жағдайлар жасау керек. Бұл сұрақ менің жеке бақылауымда, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу соңында қызметте еңбегі бар учаскелік инспекторлар марапатталды. Оның алтауы облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Полиция майоры Азамат Төрежанов Осакаров ауданында Николаев ауылдық округінің учаскелік инспекторы болып қызмет етуде. Оның жедел қызметінің арқасында былтыр қатты қарлы боран кезінде жол бойында жаңа туған нәрестемен қалып қойған отбасы құтқарылды.
– Ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келемін. Екі ағамның ізінен еріп, осы саланы таңдадым. Олар мен үшін үлгі болды. Осы мамандықты таңдағаныма өкінген емеспін. Керісінше, өз жұмысымды жақсы көремін. Әсіресе, адамдарға көмектесе алғанда, – дейді Азамат Төрежанов.
Б.Бейсенов атындағы ІІМ Қарағанды академиясының түлегі, полиция капитаны Ернұр Аткенов – Қарқаралы ауданы Нұркен Әбдіров ауылдық округінің учаскелік инспекторы. Бір жарым жыл бұрын ауқымды өрт кезінде өз өмірін қатерге тігіп, жанып жатқан пеш құрылғысының ішінен газ баллонын шығарып алды, осылайша ауыр зардаптардың алдын алды.
– Ішкі істер органдарына келгенде, біз еліміз бен халқымыздың игілігі үшін қызмет етеміз деп ант береміз. Мен оны әрқашан есімде сақтаймын. Жұмыста түрлі жағдайлар болады, өмірімізге қауіп төнетін кездер де көп. Бірақ, қиын кезде көмек көрсету – біздің міндетіміз, – дейді Ернұр Аткенов.
Сондай-ақ, Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жасұлан Шохабаев, Теміртау қаласының ПБ Ескі қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Марат Рымбеков, Шахтинск қаласының ПБ учаскелік полиция инспекторы Медет Құлтасов, Шет ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы Ақжол Ахмет Алғыс хатпен марапатталды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым
Ortalyq.kz