Көктен емес, жерден табылған періште. Шет ауданының Еламан Одесхан есімді тұрғыны күздің қара суығында суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалды. Батырдың ерлігі ұялы телефонға жазылып, әлеуметтік желіге тарап кетті. Халық Еламанды марапатқа лайық дейді.
Жағдай күндіз орын алған. 30 жастағы Еламан су қоймасының маңында тұлпарын бәйгеге жаратып жүріпті. Бір сәтте суға батып бара жатқан адамдардың жанайқайын естіген. Көп ойланбай мұздай суға сүңгіп кеткен. Суда екі адам болыпты. Біреуіне жеткенше, екіншісі су бетінен көрінбей қалған. Өкінішке қарай, екіншісі қаза тапты. Ал, біріншісін жағаға алып шығып, бірден бірінші медициналық көмек көрсеткен. Суға батқан марқұм 27 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны екен. Мәйітін құтқарушылар біраз уақыттан кейін тапты. Еламан алып шыққан жігіт Түркістан облысының тумасы. Жасы отызда. Олар Батық ауылына демалуға келіпті. Қайықпен балық аулауға шыққан. Бірақ, қайықтары төңкерілген. Суық судан буындары дірдектеп, жүзуге шамалары жетпей қалған. Жағалаудан шамамен 50 метр алыстаған екен.
Суық судан бұлшық еті тартылып қалуы мүмкін еді. Бірақ, «Адам өмірін сақтап қалу үшін ештеңеден аянбадым» дейді батыр.
– Жағаға әрең алып шықтым. Шыққан бетте жалма-жан алғашқы көмек көрсеттім. Кеудесін бастым, қырымен жатқыздым. Шамалы есін жиғаннан кейін «Райм қайда?» деп айқайлай бастады. Сабырға шақырып, Раймның батып кеткенін айттым. Амал қанша, екінші адамды құтқара алмадым. Үлгермедім. Оның да өмірін сақтап қалғым келді. Бірақ, біріншісін жағаға алып шығу үшін біраз уақыт кетті. Денем жаурап, жылдам жүзуге мұрша болмады, – деді Еламан Одесхан.
Еламанның қасында ұялы телефонға түсіріп тұрған адамдар егде жаста екен. Олар суға сүңги алмаған. Бірақ, жанталасып құтқарушыларға хабарласып, өзгелерді көмекке шақырған.
Еламан – атбегі, көкпаршы. Батық ауылының тұрғыны. Болған оқиғадан кейін бүйрегі мен арқасы ауырсынған екен. Бірақ, бірер күн ем қабылдағаннан кейін оңалған.
Ауылдастары бейбіт күннің батыры марапатқа лайық деп отыр. «Өзгеге үлгі боларлық ерлігі еленсе», – дейді.
Ерік НАРЫН,
Шет ауданы
Ortalyq.kz