АймақБас тақырыпҚарағанды

Ерлерге тағзым – елге парыз

9 мамыр күні еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын ерекше салтанатпен атап өтті. Қарағанды қаласында өткен іс-шаралар ел тарихының маңызды беттерін қайта парақтап, ардагерлерге деген құрметтің биік үлгісін көрсетті. Облыс көлемінде ұйымдас­тырылған мерекелік бағдарлама тек тарихи тағылыммен шектеліп қалмай, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рух пен ұлтжандылық сезімін дарытуға бағытталды.

«Мәңгілік алаудағы» мәңгілік тағзым

Жеңіс күні Қарағандыдағы «Мәңгі­лік алау» мемориалында салтанатты ми­тинг-реквием өтті. Бұл тағзым сәтіне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қа­ла тұрғындары қатысты. Жиналған жұртшылық майдан даласында мерт болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұл шара тек ресми форматта ғана емес, терең рухани мәнге ие болды. Жеңіс жолында құрбан болған ерлердің ерлігі, бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын ұғындыр­ған кешегі қаһарман күндердің естелігі жаңғырып, жүректерді тебірентті.

Соғыстың соңғы солдаттарына құрмет

Аймақ басшылығы майдангер ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімінің орынбасарлары, Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, қала әкімі Мейрам Кожухов, ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.

Облыс әкімі ең алдымен ғасыр жасаған майдангер, 100 жастағы Мария Ефимовнаның шаңырағына ат басын бұрды. Ардагер 19 жасында әскер қатарына шақырылып, мергендер мектебінен өтіп, майданға аттанған. Үшінші Беларусь және Бірінші Украина майдандарында ерлікпен шайқасқан, Чехословакияны азат етуге қатысып, Жеңісті Прагада қарсы алған. Ерен ерлігі үшін ол «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен және бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталған.

– Соғыстан кейін туған жеріме оралдым. Мен ең керемет елде – Қазақстанда өмір сүріп келемін. Мұнда менің ата-анам мәңгілік тыныстаған, бұл – менің Отаным. Баршаңызға денсаулық пен бейбіт аспан тілеймін! – деді ардагер.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев 102 жастағы соғыс ардагері Сұңғат Саттығұловқа да құрмет көрсетті. Ол 18 жасында Алматы жаяу әскер училищесін аяқтағаннан кейін майданға аттанып, Сталинград түбіндегі қанды шайқастарға қатысқан. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, қатарға қайта қосылып, соғысты соңына дейін өткерді. Соғыстан кейін құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер 1956 жылдан бері Қарағандыда тұрып келеді.

Сұңғат Саттығұловтың да ерен ерлігі «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен және «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» секілді медальдармен лайықты бағаланған.

Материалдық қолдау мен әлеуметтік қамқорлық

Бүгінде Қарағанды облысында небәрі сегіз ардагер бар. Осы Жеңіс күніне орай олардың әрқайсына 5 миллион теңгеден бір реттік материалдық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, тыл еңбеккерлері, концлагерь тұтқындары, қоршаудағы Ленинград тұрғындары және ардагерлерге теңестірілген өзге де азаматтар тиісті әлеуметтік қолдау­ға ие болды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button