АймақҚарқаралы

Ерлердің ерлігіне тағзым

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінде «Тәуелсіздік тарихы – ел тарихы» тақырыбында шара өтті. Шараға Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, бірқатар мекеме басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері және мектеп оқушылары қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жиынды белгілі ақын Руслан Нұрбай тізгіндеп, халқымыздың азаттық жолындағы жанқиярлық күресі мен ұлтты ұлы істерге үндеген саяси қайраткерлер тарихынан ой толғады.

Шара қатысушылары халықтың бостандығы жолында құрбан болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алған соң аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы сөз алып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін айтып, оны нығайту баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап айтты. 

 – 16 желтоқсан – қазақ халқы үшін аса қастерлі күн. Бұл күнде азаттық жолында жанын құрбан еткен батырларымызды еске алып, аза тұтамыз. Жас ұрпақ сол ерліктен үлгі алуы керек. Қастерлі күннің мән-мағынасы дәріптелетін осындай тағылымды шаралардың айтар ойы салмақты.  Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Сайлау Әлиұлы.

Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде алаңда болған жерлесіміз Баян Жұмагелдинова өз естеліктерімен бөлісіп, көзі көріп, басынан кешкен жайттарды әңгімеледі. Өлкетанушы Саят Оспанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ойрат Жүкібаев те ойын ортаға салды.

Өнер мектебінің тәрбиеленушісі, №1 орта мектептің 6 сынып оқушысы Мирас Шынболат «Шындық» атты толғауды тарту етсе, Гүлмира Сламбекова қобыз­бен «Отан-Ана» күйін күңіренте орындады.

О.Жәутіков атындағы №1 орта мектептің бір топ оқушысы Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың қоштасу жырын оқыды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button