Ерлан Төлеутай халықаралық байқауда «Үздік актер» аталымына ие болды
Арқа жұртының мақтанышы, белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай халықаралық деңгейдегі қос бірдей жоғары марапатқа ие болды. Ирландияның Дублин қаласында өткен XIII Silk Road International Film Festival қорытындысында режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай «Үздік актер» жүлдесін иеленген.

Бұдан бөлек, Парижде өткен қазақ киносы фестивалінде де актердің еңбегі жоғары бағаланып, «Үздік актер» атанған.
– Бұл отандық кинематография үшін қуанышты әрі маңызды жаңалық. Аталған марапат қазақстандық киноға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және отандық актерлердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. «Әбіл» фильмі де, басты рөлді сомдаған актер де Қазақстан киносының әлемдік мәдени кеңістікте лайықты деңгейде таныла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді, – делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.
Министрлік Ерлан Төлеутайға және фильмнің шығармашылық тобына ұлттық кинематографияны дамытуға, қазақстандық өнерді шетелде насихаттауға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірді.
Бұған дейін «Әбіл» фильмі Франциядағы 31-ші Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінде үш бірдей жүлдені – Jury Grand Prize, Critical Jury Prize және NETPAC Jury Prize – жеңіп алған болатын.
Ал, Ерлан Төлеутайдың осыған дейін де, Қырғызстан астанасында өткен III Бишкек халықаралық кинофестивалінде Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильміндегі басты рөлі үшін «Ең үздік актер» жүлдесін иеленген еді. Фильмдегі рөлі арқылы актер көрерменге терең әсер қалдырып, халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болғанын атап өткен жөн.
Қазылар алқасының құрамында Франция, Италия, Германия, Нидерланды және Бангладеш елдерінен келген кино мамандары болды.
– Сценарийге сай кейіпкеріңізге таңдайтын актер болмыс-бітімі, ішкі энергиясымен жақын болуы керек. Кәсіби болу-болмауы маңызды емес. Ең бастысы – энергия. Мен 2015 жылы сценарий жазылған кезде шын өмірдегі «Әбілді» іздедім. Сол энергиялық тұтастықты Ерлан Төлеутайдан көрдім. Себебі ол – далалық сипат, табиғи реңін жоғалтпаған адам, – деген болатын режиссер.
Кинотуынды 1990 жылдардағы қазақ ауылындағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды, мал-мүліктің жаппай бөліске түсуін, қоғамдағы әділетсіздік пен жемқорлықтың күшеюін, әлеуметтік теңсіздік пен рухани дағдарысты шынайы көрсетеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



