Еркіннің ептілігімен келген күміс
Қазақстандық паралимпиадашы, құралайды көзге атқан мерген Еркін Ғаббасов 2024 жылғы Парижде өтіп жатқан жазғы Паралимпиада ойындарының ақтық сынында сайысып, күміс медальға ие болды.
R1 санатында винтовкамен 10 метрге пара нысана көздеуден сынға түскен жерлесіміз жалпы есепте алтыншы орында тұрған еді. Алайда, Еркін Ғаббасовтың көздегені мүлт кетпей, ақтық сынға жолдама иеленді. Ойын басталғалы ол қоржынына барлығы 619.5 ұпай жинады. Ал, ақтық сында Еркін Ғаббасов 247.3 ұпай жинап, жалпы есепте II орынды жеңіп алды. Десек те, қазақстандық мерген шешуші сәтте қазіргі әлемдік рекорд иегері, кәріс спортшысы Пак Джинхоға жол берді. Чемпионның нәтижесі – 249,4 ұпай. Бұл – жаңа Паралимпиада рекорды. Сайыстың қола жүлдесі дат спортшысы Мартин Блэк Юргенсенге бұйырды. 2024 жылғы Париж ойындарында Еркін Ғаббасов Қазақстан құрама қоржынына алғашқы медальды салды.
Сонымен қатар, әйелдер арасында тартысқа түскен Севда Әлиева SH1 санатында 10 метрге пневматикалық тапаншадан нысана көздеуде XIII орынға ие болды. Ал, пара жеңіл атлетика нәтижесіне сай қазақстандық Гүлбақыт Қайыржанова найза лақтыруда V орынға тұрақтады.
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы топтық кезеңдегі екінші матчын Паралимпиаданың үш дүркін жеңімпазы, Токиода қола алған Босния және Герцеговина құрамасымен өткізген еді. Ойынның алғашқы минуттарында ширақ ойнағанымен шешуші сәтте 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»