Еркін сайлау елдік мүддені көздейді
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров облыстағы студенттермен кездесу өткізді. Жастарға Қазақстандағы сайлау жүйесін дамытудың өзекті трендтері жайлы әңгімеледі.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бас ғимаратындағы кездесуге Қарағанды облысының саяси партиялары және Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де қатысты. Нұрлан Мәжитұлы жастармен кездесуінде Орталық сайлау жүйесінің мәні мен мазмұнын түсіндіріп, 30 жылда елімізде 39 ірі сайлау өткенін тілге тиек етті. ОСК-нің жаңа перспективалық даму стратегиясына, жаңашылдықтарға тоқталды.
Төрағаның айтуынша, жаңашылдықтар халықтың билікке деген сенімін арттырып, Әділетті Қазақстан орнатуға септігін тигізуде. Өткен жылы алғаш рет қанатқақты 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтті. Бір орынға кемінде 2-3 үміткер тіркеліп, сайлаушылардың 62,79 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 46,7 жас.
– Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатындағы күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Осы орайда ОСК-нің ұзақмерзімді болашаққа арналған даму стратегиясын белгіледік. Біздің миссиямыз – азаматтардың еркін сайлау арқылы мемлекетті басқаруға қатысуына жәрдемдесу. Осы миссия ОСК-нің пайымын сайлауға қатысу демократиясын ілгерілетудің кәсіби институты ретінде айқындайды. Құндылықтарымыз – азамат, әділдік, демократия, сенім. Заңның үстемдігіне, ашықтық, инклюзивтік, кәсібилікке көңіл бөлеміз, – деді Нұрлан Мәжитұлы.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сондай-ақ, азаматтардың референдумдар мен сайлау барысында еркін таңдауына жағдай туғызу маңызды екенін атады. Бұл жолда негізгі басымдықтар еркін, әділ референдумдар мен сайлауды басқару және сайлаушылар сеніміне ие болу екенін тілге тиек етті. Қоғаммен, ұлттық және халықаралық институттармен өзара іс-қимыл жасасу да маңызды екенін айтты.
Кездесуде спикерлер сайлаудың әділ өтуі жергілікті сайлау комиссияларына байланысты екенін баса айтты. Осы уақытқа дейін сайлау комиссияларының құрамы жаңартылып, өткен жыл мәслихаттар сессияларында өкілеттігі аяқталған сайлау комиссиялары құрамы жаңарған. Соның ішінде учаскелік сайлау комиссияларының 12 344 мүшесі жаңа адамдармен ауыстырылыпты.
– Жастар – қоғамның үлкен құрамдас бөлігі, қозғаушы күші. Қазіргі таңда жастардың сайлау процесі мәселелерінің кең спектрі төңірегінде пікірлері мен ұсыныстарына мән береміз. ОСК жанында 2022 жылы құрылған жаңа диалог алаңдары – Сарапшылық кеңес пен Жас сайлаушылар клубы жүйелі жұмыс істеп келеді. Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының қызметі де қағидатты түрде қайта құрылды, – деді Нұрлан Әбдіров.
Кездесуде ұзақ жыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарған Ерқара Аймағамбетов Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесiн дамытуға қосқан үлесi үшiн» медалiмен марапатталды.
Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбековке Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен жарық көрген ғылыми басылымдар ұсынылды.
Отырыста сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов, Астана халықаралық университетінің Қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу мәселелерін зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Индира Әубәкірова сөз алып, жиналғандар сұрақтарына жауап берді. Сайлау комиссиялары мүшелерімен кездесуде заңнама мәселелері бойынша семинар өтті.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz