“Тәуелсіздік менің санамды өзгертті”
Ғалым, ақын, кәсіпкер. Үшеуі де – Тәуелсіздіктің құрдастары. Олар әнді радиодан емес, құлаққап арқылы тыңдайды, сия сауытты пайдаланбай, заманауи қаламсаппен ойларын қағазға түсіреді, тіпті, компьютердің пернетақтасынан әлеммен байланыс орнатады. Сөйлесу пунктінде кезек күтпейді – қалаған уақытта, қалаған жерде ұялы телефон арқылы сөйлеседі.
Бірақ, олардың құндылықтары мүлдем өзгерген. Білімге, кәсіпке, шығармашылыққа бейімделген жаңа заман жастары. Тәуелсіздік оларға еркіндік берді, таңдау мүмкіндігін сыйлады, өмірге деген жаңа көзқарас қалыптастырды. Осы үш түрлі сала өкілінің тәуелсіздікке, өз дәуірінің құндылықтары жөніндегі көзқарасын назарларыңызға ұсынамыз. Мархабат!

Баянды ету – міндет
Өзім егемен елде туғандықтан Тәуелсіздік – мен үшін тарихи ұғымнан гөрі өмірлік бағдар, кәсіби жауапкершілік. Ел азаттығы ата-бабамыздың күресімен келген болса, оны баянды ету – ортақ міндет. Ал, ол, ең алдымен, ғылым арқылы жүзеге асады деп есептеймін.
Қазақстанның қазіргі келбеті – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани, мәдени және ғылыми мұраның жалғасы. Бұл жолда Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сынды ұлы ғалымдардың еңбегі айрықша. Қазақ ғылымының өндіріс пен ел дамуына тікелей қызмет етуі тиіс екенін дәлелдеген сол тұлғалардың жолы мені де ғылымға жетеледі.
Мен өз кәсіби таңдауымды металлургия саласымен байланыстырдым. Себебі, металлургия – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен технологиялық қауіпсіздігінің негізі. Еліміз минералды ресурстарға бай. Бірақ, сол байлықты игеру, өңдеу, тиімді пайдалану ғылымсыз мүмкін емес. Сондықтан, менің ғылыми ізденістерім ферроқорытпалар алу, тотықсыздандыру үдерістері, энергияны үнемдейтін және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған технологиялармен тығыз байланысты.
Тәуелсіздік маған ғылымды саналы түрде таңдауға мүмкіндік берді. Бүгінде жас ғалым ретінде еліміздің нақты өндірістік мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми жобаларға жетекшілік етіп келемін. Қазіргі ұрпақтың артықшылығы – еркін ойлау мен инновацияға ашықтық. Ал, ғылымның басты миссиясы – ұлттық мүддеге қызмет ету.
Мен Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде елдің болашағы тек ғылыммен, біліммен және үздіксіз ізденіспен ғана баянды болатынына сенемін!
Ерболат МАХАМБЕТОВ,
Ж.Әбішев атындағы ХМИ ферроқорытпалар және
тотықсыздандыру үрдістері зертханасының меңгерушісі,
металлургия бағытында PHD докторы, қауымдастырылған профессор

Асқақ рухтың салтанат құруы
Мен – қалам иесімін. Кеңес дәуірінде елдің санасына: «Сендерді үкімет асырайды. Жұмыс істесең болды. Барлық халық бірдей болуы керек. Байлар қажет емес» деген ғана ұранды сіңірді. Сол жалпыхалықтық идеология елді дағдарысқа жетеледі. Соңы кедейлік, жетіспеушілік, қорқыныш пен сенімсіздікке ұласты. Ал, тәуелсіз Қазақстанның келбеті мүлдем басқа. Құндылықтар жаңа дәуірге, жаңа ойға қарай өзгерді.
Қазақ сөзі – әуелден азат деген мағына береді. Еліміз бір кездері тағдыр талқысына түссе де, күресін тоқтатқан емес, бүгешектеп күн кешкен жоқ. Айтарын ашып айтты, қажет болса, өлімге де тік қарады. «Бүгінгі қазақ технократ ұлтқа айналуы тиіс» деген пікірді қос қолымды көтеріп қолдаймын. Бұл – уақыт талабы. Псевдопатриотизмнен арылып, нақтылыққа үйір болған жөн. Өз ісінің маманы бол, бала-шағаңды дұрыс тәрбиеле. Өзіңе және айналаңа пайдалы іспен айналыс. Жалаң ұраннан қаш. Бітті…
Мен өмірлік таңдауымды жазумен, қаламмен байланыстырып, Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде дәуір тынысын шығармаларым арқылы жеткізуге тырысамын. Өмірден ерте өткен талантты ақын Әмірхан Балқыбек айтқандай, Шыңғыс хан бабамыз жарты әлемді қылышпен жауласа, мен – қаламмен, оймен, сөзбен жаулауға бел будым. Қалам – менің қаруым, рухымның айнасы, еркін ойдың көрінісі. Сол арқылы мен өз дәуірімнің куәсі болып, өмірдің мәнін жазудан тапқан бақытқа кенелемін.
Шығармашылық – қатып қалған қағиданы бұзып-жару, ағысқа қарсы жүзу деген сөз. Сондықтан, еркін елдің қаламгері қайсар, саналы, бай-қуатты болуы тиіс. Ол табыс тауып, өз өмірін тәуелсіз жүргізіп, ой-өрісін кеңейте алуы қажет. Сонда шығармашылық нағыз еркіндікке, шабытқа, әсерге айналады.
Мен үшін Тәуелсіздік – ой мен рухтың, білім мен шығармашылықтың ең биік шыңы. Сол шыңға жету – әр қаламгердің парызы!
Ерболат ҚУАТБЕК,
ақын

Санамдыөзгерткен құбылыс
Мен 1991 жылы дүниеге келдім. Өзімді елмен бірге өсіп, қатар есейген буынның өкілі санаймын. Бүгінде 34 жастамын. Тәуелсіздік маған еркіндікпен қатар, өз өміріме, өз таңдауым мен еңбегіме жауап беруді үйретті.
Қалада өсіп, техникалық білім алғаныма қарамастан 2014 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келемін. Қазір Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы ауылында орналасқан «Желдібай» шаруа қожалығын басқарамын. Шаруашылықта егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамуда. 2,5 мың гектарға жуық жерге бидай мен арпа егеміз, ірі қара, жылқы, қой өсіреміз. Заманауи техникамен толық қамтылғанбыз.
Бір маусымда шаруашылықта 12-15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ауыл үшін бұл – аса маңызды көрсеткіш. Жұмысшылар орта есеппен 250-300 мың теңге жалақы алады. Ауылда жұмыс орындарын ашу, адамдардың еңбегін бағалау – мен үшін басты қағида.
Мәселен, 2000 жылдары жастардың жұмыссыз жүре беруі қалыпты жағдай сияқты қабылданатын. Ол кезде ата-ана баласын асырап, оқытатын. Ал, бүгінде нарық заманында әр адам өз болашағы үшін өзі жауап береді.
Тәуелсіздік мен үшін – еркіндік. Өйткені, адам өзіне жұмыс істегенде ғана тәуелсіз болады. Қалаған жеріне барады, саяхаттайды, өзін дамытады. Шектеу, шекара дегенді білмейді. Сүйікті ісімен айналысады.
Тәуелсіздік менің санамды да өзгертті. Еңбектің қадірін ұқтырды, өз ісіме сенуді үйретті.
Рамазан САРЛЫБАЕВ,
«Желдібай» шаруа қожалығының иесі



