Еркебұлан САЛКЕН: Ең маңыздысы – адами капитал
Ел ішінде, соның арасында, аймақта халықаралық дәрежедегі мамандардың кейінгі жылдары көптеп шығуы – білім мен біліктілікке тың көзқарастың қажеттігін айқындай түседі. Яғни, әр маман өзінің дамуын тежемесе, оның отандық компания, өнеркәсіптерді айтпағанда, шет ел компанияларының кеңес сұрап, келісіп, санасатын білгір маман атану мүмкіндігін ешкім тартып ала алмайды. Қазіргі таңда Қазақстаннан шыққан мамандар халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Бұл сөзімізге дәлел – халықаралық дәрежедегі экономист, Қарағанды қаласының тумасы Еркебұлан Салкен. Ол – Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Ұлыбританиядағы мұнай-газ саласында құрлықта (onshore) және мұхитта (offshore) орналасқан ірі мұнай-газ кен орындарын игеру жобаларына қатысқан бірден-бір маман. Жиырма жылға жуық халықаралық компанияларда еңбек етті. Шет елде өткен ширек ғасырға жуық тәжірибесіне сүйенген, әрі Таяу Шығыс елдеріне сапарлары туралы жазылған «EXPATKZ» аталған кітабы жақында баспадан шыққан еді. Ол кітабында, әсіресе, мұнай-газ саласындағы халықаралық деңгейдегі мамандар қорын пайдаланып, шетелде ірі жобаларды іске асыруға және халықаралық деңгейдегі жаңа буын жастарды жетілдіру хақында салыстырмалы түрде әңгіме қозғайды. Адами капиталды дамытуға мемлекеттік деңгейде ден қойылған бүгінгі кезде бұл мәселе аса өзекті. Осы орайда халықаралық маман, кітап авторы Еркебұлан Салкенмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Шет елде ширек ғасырдан астам уақыт өмір сүріп, мұнай саласында ірі жобаларды іске асыруға қатыстыңыз. Халықаралық деңгейдегі маманға айналдыңыз. Мен сіздің кітабыңызды оқып отырып, ізденгеннің шықпайтын биігі жоқтығын түсіндім. Бұл туралы өзіңіз не дейсіз?
– Иә, айтқаныңызға қосыламын. Адам баласы тұрақты түрде табыстан-табысқа жете бермейді. Керісінше, адамның қол жеткізген жетістіктері күнделікті жасалған әрекеттерден және қателіктерден тұрады. Осыған орай, «жасаған талпыныстарымнан ешқандай нәтиже шықпай жатыр» деп ұялып, қысылудың еш қажеті жоқ. Ізденсе, талпынса, алмайтын белес жоқ. Сонымен қатар, қысқа мерзімде нәтиже күтіп, алдану қажет емес. Мұндайда серік – сабыр мен табандылық. Осы жылдарда көзім жеткен бір ақиқат бар. Ол – адам баласының жұмсаған энергиясының зая кетпейтіндігі. Бүгін болсын, ертең болсын, бір күні төккен тердің өтеуі, жемісі болары хақ.
– Қазақстанның қазба байлығын, мүмкіндігін өзіңіз қызмет істеген шет елдермен салыстырғанда он балдық шкаламен қалай бағалар едіңіз?
– Еліміздің мүмкіндігі 10/10 дер едім. Не десек те, біздің халық – өте қабілетті және еңбекқор. Оған қоса, еліміз жер асты қазбаларына бай. Егер де Оңтүстік Корея, Малайзия сияқты елдердің жер асты қазба байлықтары қорына назар салсаңыз, біздің елмен салыстыруға келмейтіндей аз екендігін көре аласыз. Яғни, бұл тұрғыдан қарағанда, ол елдер өте кедей тұруы керек. Алайда, олай емес. Өзіңізге мәлім, Оңтүстік Корея экономикасы әлемдік ондық қатарында.
Негізі, өзім қызмет еткен жобаларда білікті әрі тәжірибелі халықаралық деңгейдегі мамандар арасында қазақстандықтардың саны басым екенін байқадым. Біздің мамандар халықаралық аренада жоғары сұранысқа ие. Негізінде, әр түрлі капитал түрлерін алсақ, адамдық капитал – ең маңыздысы.
Мысалы, өзім тұрған Біріккен Араб Әмірліктерінде шетелдіктердің саны ел тұрғындары санының 85%-ы. Бұдан қандай тұжырым шығаруға болады? Бұдан БАӘ билігі адамдық капиталды ерекше бағалайтыны аңғарылады. «Шетелдік білікті тәжірибелі мамандар елімізге келсін, көрген-білгендерімен бөліссін және озық технологиялардың бәрін елімізге енгізсін» деген мақсатты ұстанғанын көреміз. Яғни, мұнайды сатып тапқан табысын тек ұлттық қорға құя бермей, елдің дамуына жұмсауда.
Осы себептен жастарымызға жол беріп, олардың өніп-өсуіне, халықаралық дәрежедегі маман деңгейінде жетілуі үшін жан-жақты қолдау көрсету қажет.
– Шет елде қызмет етіп жүрген отандастарымыздың сол қабілет-қарымын өз елінде пайдалануға мүмкіндік бар ма?
– Әрине, оның да түрлі жолдары бар. Қазіргі жаһандану заманында басқа елдермен тереземіз тең түсуі үшін, көш соңында қалып қоймас үшін халықаралық дәрежеде бәсекеге түсе алатын мамандар әрдайым қажет.
Еліміздегі компаниялар (ұлттық немесе жеке) халықаралық деңгейде дамуды көздесе, сол шетелдегі отандық білікті мамандарды өздерінің компанияларына жұмысқа шақырып, халықаралық дәрежедегі стандарттар мен жұмыс әдістерін енгізулеріне болады.
Тәуелсіздік жылдары елімізге келген шетелдік ірі инвесторлардың жергілікті мұнай-газ жобаларында халықаралық стандартқа сай жүйе енгізуінің арқасында, отыз жылдан астам уақыт ішінде елімізде халықаралық дәрежедегі мыңдаған жас маман өсіп, жетілді.
Қысқаша айтқанда, қазіргі таңда, елімізде халықаралық деңгейдегі мамандар қоры жеткілікті. Бұндай қор әр елде кездесе бермейді. Сондықтан, оны қадірлеп, елдің игілігіне пайдалана білудің пайдасы зор. Осы мақсатта, еліміздің ірі ұлттық компаниялары шетелде офис ашып, ірі халықаралық жобаларға қатысып, жаңағы айтып кеткен мамандар қорын пайдаланулары тиіс. Сонда елге шетелден валюталық табыс келеді. Яғни, мемлекеттік бюджетке байланып қалмай, сырттан да табыс тауып үйрену қажет. Табыс табудың әр түрлі жолдарын қарастыру – міндет.
Түрлі елдердің ұлттық компаниялары өз елдеріндегі бюджетті игерумен ғана шектелмей, халықаралық аренадағы ірі жобаларды жүзеге асырады. Бұған мысал ретінде Оңтүстік Корея, Түркия, Малайзия сияқты елдердің Samsung Engineering, TPAO, Petronas тәрізді халықаралық аренада танымал компанияларды келтіруге болады.
– Сіз халықаралық ірі мұнай компанияларының жобаларды басқару бөлімінде қызмет еттіңіз. Бұл – атауы жеңіл болғанымен, жобаның тағдырын шешетіндей салмағы бар жүйе. Бұл саланың жалпы елдегі дамуы туралы пікіріңіз қандай?
– Елімізге халықаралық стандарттағы жобаны басқару жүйесін шетелдік инвесторлар енгізген. Өзіңіз айтқандай, бұл жүйенің атауы жеңіл болғанымен, жобаны іске асыру кезеңінде тигізетін пайдасы орасан көп. Бұл жүйе жобаны ең тиімді жолмен іске асыруға септігін тигізіп қана қоймай, сол жобаны іске асыру барысында орынсыз туындайтын даулы мәселелерден де сақтандырады.
Мысалы, біз Иракта жасалған осындай жүйелі жұмыс арқасында, мердігер корпорациялардың біздің консорциумға қарсы бес жылға жалғасқан 820 млн долларлық қаржылай шабуылына төтеп бере алдық. Байқауымша, бұл жүйе еліміздің ірі мұнай жобаларында ғана жақсы дамыған. Алайда, басқа салаларды да қамтыса, әрине, еліміздің дамуына тигізетін септігі айтарлықтай еді.
– Халықаралық маман ретінде ел жастары бұл күні қай салаға ден қойып, нені меңгеруі тиіс?
– Меніңше, ең негізгісі – адамның ынтасы. Жастарға, қандай салада жұмыс істесе де, бар ынтасын салуға кеңес берер едім. YouTube-та қарасаңыз, Пәкістандағы жүк көліктерін жөндейтін ұсталардың бейнежазбаларын миллиондаған адам қарайды. Сонымен қатар, темірмен жұмыс істейтін ұсталардың да бейнежазбаларын 50 миллионға дейін адам қарап жатады. Қысқаша айтқым келгені, өз жұмысыңызға ықылас, ынта қойсаңыз, айналаңызға да, өзіңізге де әкелетін пайдасы әрқашан да мол.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда назар аударылмай келе жатқан, бірақ, әлемдік маңызы зор бағыт ретінде экономиканың қай тармағын атайсыз?
– Қосылған бағамы жоғары тауарлардың, яғни, шикізаттан өндірілген тауарлардың экономиканың бар саласына тигізер пайдасы өлшеусіз. Осы себептен ел экономикасы жай ғана шикізат экспортымен шектелмей, қосылған бағамы жоғары тауарлар өндірсе, елімізде өндірілген жаңа тауарлар халықаралық аренадағы басқа тауарлармен бәсекелесте жеңіп, елге валюталық табыстың кірісі арта түсер еді. Яғни, бізге экономикамызды диверсификациялау керек. Шикізатқа ғана тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығару керек. Мысалы, өзіміз өсірген мал терісінен иленген былғарыны сатпай, одан шығарылған дайын өнімдерді, немесе елімізде өндірілген металды сатпай, одан жасалған дайын металл өнімдерін экспортқа шығару аса қажет.
– Мұнай қоры мол елдің бірі ретінде Қазақстанның мұнай өңдеу мүмкіндігі неге шектеулі?
– Мұнай қорына бай ел болсақ та, оны өңдеп жоғарғы бағамдағы тауарларды шығаруға әлі шамамыз келмей жатыр. Соған қарамастан қазіргі таңда сол бағыттағы талпыныстарды байқаймын. Мысалы, өткенде жаңалықтардан еліміздің батыс өңірінде полиэтилен шығаратын зауыт салынбақшы екенін оқыған едім.
– Бүгінгі таңда Қазақстанды дамытатын қандай мамандар қажет?
– Біздің елде бар салаға мамандар дайындалып жатыр. Әйткенмен, сол мамандарды жұмысқа тарту, олардың деңгейін жетілдіру мәселелері қолға алынбай отыр. Мамандардың деңгейі өссе, әр салада жетістіктерге жетіп, шетелге де шығуға мүмкіндік туатын еді.
Негізі, бізде қолдағы барды бағалауды үйрену кемшін. Қазіргі таңда еліміздегі мұнай саласында халықаралық дәрежедегі мыңдаған маман жетілген. Солардың басын қосып, шетелде ірі жобаларды іске асыруға болады. Ол жобаларда сұранысқа ие қызмет пен тауар және құрылғыларға тапсырысты еліміздегі шағын, орта және үлкен кәсіпорындарға беруге болады. Ол табыс миллиардтаған доллармен өлшенеді. Сонымен қатар, жаңа буын мамандарды жетілдіру мақсатында, жоғары оқу орнын жаңа бітірген жастарды шетелдегі жобаларға жұмысқа жіберіп, неге шынықтырмасқа?
Мысалы, Samsung Engineering сияқты халықаралық корпорациялар жоғары оқу орнын жаңа бітірген жастарды өздері іске асырып жатқан халықаралық жобаларға жіберіп, шыңдайды. Сол жастар әуел баста қиналғандарына қарамастан, бірнеше ірі жобаны бастан-аяқ өткергеннен кейін халықаралық деңгейдегі маман болып жетіледі.
– Өзіңіздің туған жеріңіз Қарағанды облысының даму деңгейіне бағаңыз?
– Совет одағы кезінде Қарағанды қаласы Қазақстандағы ең ірі индустриялық орталық болып саналатын. Мысалы, өзімнің әкем жоғарғы бағамдағы тауар шығаратын Майқұдықта орналасқан «Стройпластмасс» комбинатында қызмет істеген. Одан басқа, көптеген өндіріс орындары өте көп еді, тұрғындар толық жұмыс орнымен қамтылған болатын. Қазіргі таңда болса, ондай өндіріс орындары азайған, дегенмен, осы заманға сай басқалары дамуда. Қарағанды – өз дәрежесін ұстап тұрған облыстардың бірі.
– Өндірісті өңірдің көмірі мен темірін алып қойса, аймаққа не тірек болар еді сіздіңше?
– Ондай жағдай туса, Қарағанды облысына ауыл шаруашылығын өз аумағында ғана емес, экспортқа бейімделген түрде дамыту маңызды. Біле білсеңіз, еліміздегі өндіріліп, өсірілетін ет, көкөніс, жеміс-жидек халықаралық стандарт бойынша органикалық, яғни, табиғи таза өнім болып саналады. Біріккен Араб Әмірліктері сияқты шетелдерде бұндай өнім арнайы дүкендерде сатылады. Бағасы басқа тауарларға қарағанда әлдеқайда қымбат және одан түсетін пайдасы көбірек. Осыған орай, көмір мен темірді алып тастамай-ақ, қазірдің өзіңде ауыл шаруашылығына баса мән берілсе. Осы арада да, жоғарыда атап өткенімдей, қолдағы барымызды қадірлеп, өз пайдамызға асыруды үйренуге мойынсұну – шарт. Ал, өзімнің байқағаным, барымызды зерттеп, бағалап, әлі игере алмай келеміз.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.