Жаңалықтар

Еріктілердің жаңа миссиясы

Жоғалған адамды табу – санаулы сағатқа тәуелді. Облыста енді дәл осындай жедел әрі кәсіби әрекетті талап ететін жаңа бағыт – іздестіру жұмыстары еріктілер қозғалысының басты басымдығына айналмақ. Төрт мыңнан астам адамды біріктірген өңір еріктілері тек акция ұйымдастырып қана қоймай, шұғыл жағдайда нақты көмек көрсететін күшке айналуда.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде облыстағы волонтерлік қозғалыс әлеуметтік, мәдени және қоғамдық маңызы бар кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Экологиялық мәселелерді шешу, қайырымдылық шаралар өткізу, білім беру бастамаларын қолдау – мұның бәрі еріктілер жұмысының үйреншікті бөлігіне айналған. Алайда, уақыт талабы бұл қызметтің мазмұнын жаңа деңгейге көтеруді қажет етуде.

Сол себепті биыл ерекше назар жедел әрекет етуді талап ететін бағыттарға аударылуда. Соның бірі – жоғалған адамдарды іздеу. Бұл тек ерікті ниетпен емес, арнайы дайындық пен нақты үйлестіруді қажет ететін күрделі жұмыс.

– Біз Астанадан және еліміздің басқа өңірлерінен спикерлерді шақырып, еріктілерге жоғалған адамдарды іздеу әдістерін үйреттік. Қазір бұл бағытты облыс аумағында дамыту жоспарда. Осылайша еріктілер іздестіру операцияларында тиімді әрекет етіп, тиісті қызметтермен өзара іс-қимыл жасай алады. Бұл тек жаппай акцияларға қатысу емес, шұғыл жағдайларда нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді еріктілердің өңірлік фронт-кеңсесінің жетекшісі Ардана Мырзанова.

Жалпы, өңірде волонтерлік қызмет әлдеқашан бір реттік бастамалар аясынан шыққан. Еріктілер әлеуметтік қолдау көрсетуге, спорттық және білім беру жобаларына белсенді қатысады, тіпті, төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде де алдыңғы шептен табылады.

Қарағанды қаласы еріктілердің ең ірі орталығы десек те, қозғалыс өңірдің басқа қалаларында да қарқынды дамып келеді. Теміртау, Абай, Шахтинск қалаларында жаңа бастамалар қолға алынып, еріктілік мәдениеті кеңінен таралуда.

Әсіресе, Теміртауда «Күміс волонтерлік» бағытының дамуы ерекше назар аудартады. Егде жастағы азаматтардың қоғамдық іске белсенді араласуы – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өзара көмек мәдениетін қалыптастыратын маңызды құбылыс.

– Теміртауда егде жастағы азаматтар әлеуметтік, білім беру және экологиялық жобаларға қатысып жүр. Бұл еріктілік қызметтің тек жастармен шектелмейтінін, қоғамның барлық буынын біріктіретін күшке айналғанын көрсетеді, – дейді ­спикер.

Қазіргі таңда облыста 75 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Олар жастарды, студенттерді және белсенді тұрғындарды біріктіріп, жыл сайын 300-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізеді. Нәтижесінде мыңдаған азаматқа атаулы көмек көрсетілуде.

Сонымен қатар, цифрлық волонтерлік те қарқын алып келеді. Бұл бағыт мемлекеттік органдармен және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылды күшейтіп, еріктілер қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялануы да жаңа серпін бермек. Бұл бастама еріктілердің қоғамдағы рөлін айқындап қана қоймай, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button