Еріктілер қозғалысы ермек емес
Қазақстан ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы арнайы қарар қабылдады. Бұл – еліміздің жаһандық деңгейде волонтерлік қозғалысты дамытуға қосқан маңызды үлесінің айқын көрінісі. Аталған бастама волонтерлік қызметтің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға және оны тұрақты дамудың маңызды құралы ретінде нығайтуға бағытталған.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қозғалысының қоғам үшін маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, Волонтерлік – бұл азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Еріктілер қоғамдағы өзара көмек пен бірлікті нығайтуға зор үлес қосады. Мемлекет басшысы волонтерлік қозғалысты қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін де атап өтті. Оның пікірінше, еріктілер әлеуметтік қолдау, білім беру, экология, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлардың салдарын жою бағыттарында белсенді рөл атқарады.
– 2026 жылдың Тұрақты даму жолындағы волонтерлердің халықаралық жылы болып жариялануы – бүкіл әлем үшін маңызды оқиға. Бұл бастама жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде волонтерлердің рөлін айқындауға бағытталған. Бүгінде экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік теңсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және халықтың осал топтарын қолдау бағыттарында еріктілердің еңбегі орасан зор маңызға ие. Қазіргі таңда волонтерлік тек қайырымдылықпен немесе бір реттік акциялармен ғана шектелмейді. Ол – қоғамның ішкі әлеуетін арттыратын маңызды қоғамдық ресурс. Волонтерлер төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады, әлеуметтік көмек көрсетеді, білім беру және экологиялық жобаларды іске асырады, халықтың осал топтарын қолдайды, – деді Қарағанды облысы волонтерлер фронт-офисінің басшысы Ардана Мырзанова.
Қазақстан үшін волонтерлік тақырыбы ерекше маңызға ие. Бұл бағыт азаматтық қоғамды нығайту, жастарды қолдау, өмір сапасын арттыру және өзара жауапкершілікті күшейту сияқты маңызды міндеттермен тікелей байланысты.
Осы ретте Қазақстанда еріктілік қызметті дамытуға мемлекет деңгейінде айрықша көңіл бөлінуде. Волонтерлікті дамытудың басым бағыттарының бірі – корпоративтік сектордың белсенді қатысуы. Бизнес өкілдерінің бұл іске араласуы қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халықаралық ынтымақтастықты дамыту да маңызды. Қазақстан халықаралық деңгейде бастамалар көтеріп, тәжірибе алмасуға үлес қосып келеді.
Еріктілер қызметін қолдауға арналған жаңа стратегиялық құжат әзірлеу жоспарлануда. Ол 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтып, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жасалмақ. Бұл құжат волонтерлік саланы жүйелі түрде дамытуға бағытталады. Осы мақсатта елімізде өңірлерді аралау, жергілікті волонтерлік қауымдастықтармен кездесулер өткізу және ұсыныстар жинау жұмыстары жүргізілуде.
Қарағанды облысы – бұл бағытта белсенді өңірлердің бірі. Қазіргі таңда облыста 75 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Жыл сайын 4 мыңнан астам адам еріктілік қызметке қатысып, 300-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізіледі. Өңірде волонтерлік қызметтің ауқымы кең. Еріктілер әлеуметтік көмек көрсетуден бастап, экологиялық акциялар ұйымдастыруға және жастар бастамаларын қолдауға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды. Цифрлық волонтерлік те дамып келеді.
– Халықаралық еріктілер жылы аясында басты назар жүйелі волонтерлікке аударылып отыр. Ұзақ мерзімді бағдарламалар қоғам үшін тұрақты нәтиже береді. Волонтерлік Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды құралдарының бірі саналады. Еріктілер әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге нақты үлес қосады. Қазақстанда волонтерлік бастамаларды қолдау мақсатында республикалық және өңірлік фронт-офистер жұмыс істейді. Олар еріктілерге ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Бұл бастама мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге бағытталған, – дейді «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк.
Қарағанды облысында ұйымдастырылып отырған брифингтердің мақсаты – волонтерліктің маңызын түсіндіру және өңірлік деңгейде дамыту. Жалпы алғанда, волонтерлік – қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды күш. Әрбір ерікті қоғам игілігі үшін әрекет етіп, өзара сенім мен бірлікті нығайтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалысты дамытуды нақты тапсырмалар арқылы жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта еріктілерді қолдау тетіктерін жетілдіру, олардың қызметін кеңейту және қоғамдағы рөлін күшейту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып қала береді. Сондықтан, еріктілік бастамаларды қолдау тек бүгінгі міндет емес, болашаққа бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастырылуда. Тұрақты даму жолындағы волонтерлердің халықаралық жылы өңірде азаматтардың белсенділігін арттырып, әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсер етеді деп күтілуде.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



