Еріктілер нашақорлыққа қарсы
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасы тамыз айында басталған. Қазір еріктілерді қабылдау жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия отырысы барысында Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу басқармасының қызметкерлері хабарлады.
Аймақ тұрғындарын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасына қатысуға шақырады. Жоба бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына қоғамдық бақылауды, студенттік қоғамдастықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды һәм азаматтар мен еңбек ұжымдарына тегін құқықтық көмек көрсетуді көздеп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер қатарына барлық ниет білдірушілер кіре алады. Жас шектеулері жоқ.
– Жобаның мақсаты – заңсыздықтарға бейжай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, бизнес және квазимемлекеттік сектор субъектілерін, сондай-ақ өзге де ұйымдарды еріктілер ретінде тарту. Олар қоғамдық бақылауды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер мен білім беруді жүргізу жұмыстарымен айналысады. Pro bono және корпоративтік волонтерлікке тартылатын болады, – деді превенция басқармасының офицері Әкім Сақтапберген.
Сондай-ақ, отырыста мемлекеттік білім беру ұйымдарының жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары туралы айтылып, жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі қызметі қаралды. Ермағанбет Бөлекпаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шараларын күшейтуге шақырды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары бойынша облыс үшін бірыңғай бағдарлама және профилактикалық іс-шаралардың медиажоспарын құру қажет. Бұл барлық аудандар мен қалалар қалай әрекет ету керектігін білуі үшін керек. Шын мәнінде, бұл бағытта көптеген идеялар бар. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спикерлерін бұқаралық іс-шараларға тарту, агенттіктің Call-орталығының 1424 нөмірін кофе стакандарына, қоғамдық көлікке орналастыру, кинотеатрларда профилактикалық роликтерді көрсету және тағы да басқа шаралар. Біз бұл жұмысқа жастарды белсенді түрде тартуымыз қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жобаның әлеуетті еріктілері электрондық поштаға pr.karaganda@antikor.gov.kz немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кеңсесі арқылы, сондай-ақ eOtinish электрондық платформасы арқылы сауалнама-өтінім бере алады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»