Еріктілер кеңесі құрылды
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында Еріктілер кеңесі құрылды. Кеңес төрағасы – департамент басшысы Жандос Сәрсен.
Еріктілер кеңесінің құрамына түрлі мемлекеттік органдардан игі істерді атқарып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын мемлекеттік қызметшілер кірді. Құрылған сәттен бастап, кеңес мүшелері қайырымдылық, экологиялық іс-шаралар, қан тапсыру, жалғызбасты қарттарға көмек көрсету, балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасау және тағы сол сияқты шаралар атқарған болатын.
Одан бөлек, «Әсем» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне Хайуанаттар бағына экскурсия ұйымдастырып, қуаныш сыйлады.
Балалар экскурсия кезінде жануарлар мен құстарды тамашалап, жануарлардың тіршілік ету ортасы және ұстау ерекшеліктерімен танысты.
Жақсы істің жаршысы болуға үлес қосқан Еріктілер кеңесінің мүшелеріне балалардың да алғысы шексіз болды.
Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, қайырымдылық істерді атқару жалғасын табады.
Еріктілер қашанда азаматтық қоғамның дамуында белсенділік танытады.Сондықтан, олардың қоғамды жаңа деңгейге көтеретініне сенім мол.
Жалпы, еріктілер өздерінің таланты мен уақыттарын, күшін ешқандай ақы күтпестен жеке және ұжымдық шараларға жұмсауға құқылы.
Ерікті болу әрқашан ерлікпен тең. Олардың үлкен жұмыстары жүректерді жылылыққа толтырады. Жастарды тұлға деңгейіне дейінгі биікке көтереді. Олардың ерен еңбегі ақталып, қоғам тарапынан құрметтелсе нұр үстіне нұр.
Өз тілшімізден.