Еріктілер еншісінде – ерен мақсат

Жаңа жылдағы жарқын бастамалардың көшін бастайтын биылғы Еріктілер жылы Мемлекет басшысы Қасым­Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жарлығымен бекітілген. Осы орайда биыл өңірлердегі «Достық үйлерінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) аясында еріктілер қозғалысының орталықтары ашылуда. Бүгінгі таңда облыста жұмыс істеп тұрған 89 волонтерлік қозғалыс орталықтарында 200­ге жуық еріктілер бар. Кеше Қарағандыдағы «Достық үйінде» Еріктілер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

– Еріктілер деген кімдер? Бұл – қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін елдің шынайы патриоттары. Біреуге қол ұшын беріп, қолдау көрсету, көмек қолын созу – жүрек қалауы. Еріктілер қайырымдылық жасау арқылы басқаға үлгі көрсете отырып, қоғамға үлкен септігін тигізуде. Облысымыздың барлық ерікті жастары тығыз жұмыс атқаруда. Жастар жылы Еріктілер жылына жалғасып, жарқын бас тамаларға негіз болуда, – деді Еріктілер жылының ашылу салтанатында сөз алған облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев. Сондай-ақ, басқарма басшысы аталған жыл аясында Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі негізінде волонтерлік қозғалысты дамыту көзделгенін атады. Еріктілер жылы аясында ҚХА волонтерлерінің тұрақты негізде жұмыс істейтін бірыңғай желісін құрып, еліміздің шалғай елдімекендерінің мәселесін шешу де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Облыстың ҚХА волонтерлік қозғалысының жетекшісі Дамир Меңдібеков: «Бүгінде еріктілер – заманымыздың нағыз үлгі тұтар азаматына ай налды. Себебі, қамкөңіл жандарға үміт сәулесін жағып, қуаныш сыйлау – нағыз адамгершіліктің көрінісі. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде азаматтарды тарту, әлеуметтік дамудың жаңа мүмкіндіктерін таныстыру және этносаралық қатынасты нығайту. Қарағанды ҚХА волонтерлік қозғалысы бірнеше бағытта жұмыс істейді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 – жылдығына орай «25 ізгі қадам» акциясын бастадық. Бұған қоса, қала тұрғындарының өтінішін қабылдау мақсатында жедел байланыс желісін іске қостық. Облыстың ҚХА волонтері атану үшін volonter_ank@mail. ru эл.поштасына өтініш беру – міндетті» – деді.

Жиында «Жарасым» жастар ұйымының жетекшісі Тимур Джумурбаев волонтерлер қозғалысының орталықтары – этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғамның басқа да институттарын тартудың бірыңғай жалпыреспубликалық жүйесін қалыптастыру мақсатында құрылғанын тілге тиек етті. Тимурдың айтуынша, ҚХА волонтерлік қозғалысының негізгі жұмыстары «Бірлік», «Білім», «Тәр бие», «Келісім» бағытында жүзеге асады. Облыстың қалалары мен аудандарының волонтерлері және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, білім, спорт саласындағы белсенді жастар шарада қиналғанға, асыраушысынан айырылған балаларға қолдау көрсету, қарияларға жәрдемдесу секілді қайырымдылықтың барлығы – ізгі іс екенін атады.

Аяулым СОВЕТ.