Ресми

Еріктілер еңбегі еленді

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1985 жылдан бастап, 5 желтоқсан Халықаралық волонтерлер күні болып белгіленген еді. Сол күні Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен Теміртау қаласының Мәдениет сарайында облыс волонтерлері бас қосқан үлкен форум өтті. Оған БҰҰ еріктілер бағдарламасының, Орталық Азия елдері волонтерлік ұйымдарының және «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынов құттықтау сөзбен ашты. «Адамның күні – адаммен» дегендей, өмірде аялы қамқорлық пен жәрдем-көмекке зәру жандар аз емес. Міне, сондай сәттерде, жасы бар, жасамысы бар, біздің қоғамдағы еріктілер дер кезінде қол ұшын созып, жан жылуларын аямайды. Кешегі жер жүзін дүрліктірген пандемия, Түркиядағы зілзала зардабы, өзіміздің Костенко атындағы шахтада 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыс апаты кезінде олар алдыңғы қатардан көрінді. Облысымызда құрамында 4 мың адамы бар 80 волонтерлік ұйым мүшелерінің қайсы болмасын атақ пен мадаққа лайық» деп, олардың бірқатарының атын атады. Атап айтқанда, «Шаңырақ», «Біз біргеміз», тағы да басқа осындай құрылымдардың өнегелі ісі аймағымызға ғана емес, шартарапқа мәлім екенін тілге тиек етті.

Бұдан кейін сөз алған БҰҰ еріктілер бағдарламасының консультациялық қызметтер секциясының басшысы Тапива Камуруко жиналғандарды атаулы күнмен құттықтап, 200 мыңдай еріктілерді біріктірген қазақстандық волонтерлердің қызметіне ризашылық сезімін білдірді. Соның белгісі ретінде ол облысымыздың Нұрзат Бағдатұлы, Дариға Ахметова, Мейіржан Шаяхметов сынды бірнеше белсенді волонтерлеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының Алғыс хатын тапсырды.

Ендігі сөйлеген «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк осы Теміртау қаласында туып-өсіп, кезінде өзі осында жоғарыдағы «Шаңырақ» ұйымын құрып, қазір еліміздегі волонтерлік қозғалыстың көш басында жүр екен.

Аталған ауқымды шараның «Шапағат. Өнеге. Үміт» айдарымен өтуі де тегін емес. Өйткені, теміртаулық ардагерлер де, яғни, ақ шашты «Күміс волонтерлер» де бұл шапағатты істен шет қалмай, жас еріктілерге өнеге көрсетіп, қамқорлыққа мұқтаж жерлестерінің ертеңгі күнге үмітін оятуға белсене атсалысумен келе жатқан көрінеді. Солардың атынан сөз алған Валерий Баранников өздерінің жастармен бірлесе атқарған ізгілікті шаруаларын баян қылды. Мәселен, олар денсаулығы сыр берген қарттармен таза ауада жаттығу, серуендер жасап, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, зейнеткерлер мен жалғызбасты қарияларға қолайлы орта қалыптастыруға күш салып, республикалық «Жеңіс» жобасының тікелей қатысушысы болып табылады.

Бұдан бөлек волонтерлердің қатарында дені сау, аяқ-қолдары балғадай қыз-жігіттермен бірге жүрген кембағал жандардың күш-жігеріне, біреуге жақсылық жасауға талпынысы мен өмірге құштарлығына қайран қаласың. Сондай рухы биік азаматтың бірі, «Біргеміз. Саулық» жобасының үйлестірушісі, Теміртау қаласындағы ана мен бала орталығы физиотерапия кабинетінің кіші медициналық қызметкері Айбар Бетжанов. Өзінің айтуынша, ол омыртқасына екі рет ота жасатып, аяғын әрең басып жүрсе де, бірнеше рет талпыныстан кейін дәрігерлік оқуға түсіп, енді сол алған білімін өзгелердің игілігі үшін жұмсауда.

Ал мінберге шығып, сөйлегенде жұрттың тағы бір жаппай қошемет көрсеткені Назарбаев университетінің студенті Ұлан Мұстафин болды. Сөйтсек, 2022 жылғы волонтерлік жобаларды іске асыруға арналған гранттар конкурсының жеңімпазы атанған ол сонда ұтып алған аздаған қаражатын медициналық бағытта шығындап, қаншама игі шаруаларды жүзеге асырыпты.

Келесі кезекте 2023 жылғы волонтерлік жобаларды іске асыруға арналған гранттар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне орын берілді. Бұл конкурсқа қатысуға 304 өтінім түссе, солардың арасынан 7 адам жеңімпаз танылып, Ержан Рахымбаев, Азамат Хасенов бастаған волонтерлердің әрбірі 500 мың теңгенің грантын иеленді.

Жеңімпаздардың құрметіне Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Тарланс» тобы аспаптық саз әуендерін орындады. Сол сияқты «Глория» үлгілі би тобы мен «Алау» вокалдық және «Сарын» фольклорлық ансамбльдерінің мүшелері өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Аймақ волонтерлерінің басын қосқан форумды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов қорытындылап, тағы да бір топ волонтер облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button