Еріктіде ерліктің үлгісі бар
Ерікті болу – ерлікпен тең. Өйткені, әрбір адамға өз еркімен қоғамның дамуына ат салысуға мүмкіндік беретін одан асқан құрметті қызмет жоқ. Еріктілер жылының ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ БҰҰ-да жұмыс істеп жүрген кезін еске алып, «Мен сол кезде де еріктілерге мүмкіндік жасау керектігін айтып жүрдім. Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз» деген болатын. Биылғы Еріктілер жылы ел жастарын «бір үйдің баласындай» біріктіріп, іскер азаматтарды қайырымдылық жасауға шақыруда. Сол жастардың азаматтық бастамаларының көпшіліктен қолдау тапқанын әлеуметтік желіден көріп жүрміз.
Бастамалардың басым көпшілігінің сәтті жүзеге асуы мемлекеттің Жастар жылы мен Еріктілер жылында белсенді жастардың таңдауына құрметпен қарап, олардың үніне барынша құлақ асқанының көрінісі. Бүгінгі таңда әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда. Нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінде 200-ден астам волонтерлық ұйым қызмет көрсетуде. Бүгінгі таңда облыста жұмыс істеп тұрған 89 волонтерлік қозғалыс орталықтарында ресми тіркелген 200-ге жуық еріктілер бар. Ал, жалпы облыс бойынша еріктілер қатарында мыңнан астам адам бар. Сол еріктілер бүгінгі таңда облыста орын алған төтенше жағдай уақытында қалалар мен аудандардағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдар үшін азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алып, жеткізіп беруде. Мәселен, Теміртауда қалалық жастар клубы жанындағы «Шаңырақ» еріктілер ұйымы жұмысын қарқынды жалғастыруда. Қозғалыс 200-ден астам жастарды біріктірген. Волонтерлер балалар үйлеріне барып, қарттарға көмек көрсетіп, әлеуметтік акцияларға қатысады. Тұрғындарға іздеу салынғанда топтар ұйымдастырып, полицияға көмек көрсетіп жүр. Облыстың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, әдетте еріктілер қызметін жастардың ісі деп қабылдаймыз. Бірақ, көптеген еріктілердің қатарына аға буын өкілдері де кіреді. Жыл бойғы жұмыстар бірнеше бағыттар бойынша жалғасын табады.
«Еріктілер жылындағы жұмыстар адамдардың жас ерекшелігіне қарамастан «Bilim», «Saulyq», «Sabaqtastyq», «Taza Qazaqstan», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» бағыттары бойынша ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек еріктілер жұмысын үйлестіру үшін «Qoldau» аймақтық ресурстық орталығының жұмысын жандандыру жоспарда бар», – дейді Нұржан Арғынұлы.
Еліміздегі еріктілердің ерекше қарқыны 2017 жылы өткен халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі мен қысқы универсиада ойындарында байқалған. Салтанатты шараларда 8000-нан астам жастар жаз айларында аяқтан тік тұрып көрме қонақтарына қызмет көрсетті. Қарағандыдан барған 250 волонтер Қазақстанның тарихын, көрікті жерлерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын үш тілде таныстыра білуімен ерекшеленді. Көрмеге қатысқан облысымыздағы белсенді ерікті Дәурен Рахымбек «Ерікті болу – өмірлік ұстанымым» дейді.
«Өткен жыл еріктілер үшін табысты болды. Арменияда өткен жас көшбасшылар мектебі ұйымдастырған шараға ТМД құрамында болған мемлекеттерден 70 адам қатысты. Сонда байқағаным – Армения жастары аз мүмкіндікпен көп дүниені жасауға ынталы екен. Соған назар сала отырып, біздің елде жастарға лайықты көңіл бөлінетіндігін сезіндім», – дейді Дәурен. Оның айтуынша, өзінің атсалысуымен өтетін «Saryarqa jastary» волонтерлік клубының жұмысы таңғы 9.00-ден басталады. «Сенім 109» нөміріне түскен өтініштер бойынша ерікті Вадим екеуіне Майқұдық пен Сұрыптау бекетіндегі мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз ету тапсырылған. Көптеген еріктілердің атсалысуымен облыстың кәсіпкерлері мен мердігерлері (демеушілік көмек) көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, басқа да аса мұқтаж азаматтарға көмек көрсету бойынша 539 акция өткізіп, оған 10 967 отбасы қамтылған. Облыс бойынша барлығы 72,5 тонна азық-түлік, санитарлық-гигиеналық және тұрмыстық заттар таратылған.
«Қазіргі таңда жастар бізге еліктейді, біздің арнайы киіп жүретін жейдемізге қатты қызығады. Әрине, жастар кез келген нәрсеге тез еліктегіш болғаны мен жүректерінде өз Отанына деген елжандылық сезімі болуы керек. Ол мейірімділік арқылы көрініс табады», – дейді Қарқаралы ауданы «JasStar волонтерлік желісінің» төрағасы Дәурен Рахымбек.
Бүгінде Дәурен жетекшілік ететін Қарқаралыдағы ұйымда 215 ерікті бар. Жастар саясатын белсенді жүзеге асырып жүрген волонтерлер әлеуметтік салаға баса назар аударғанды жөн көреді екен. Инклюзивті балаларға қолдау көрсету үшін балалар үйіне жиі барады екен.
Төтенше жағдайды себеп қылмай, елге тегін қызмет көрсетіп жүрген волонтерлер, ерікті болу үшін – табандылық пен мықты ерік-жігердің керек екенін айтады.
Аяулым СОВЕТ