Ерен еңбек ұмытылмас
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінде факультет тарихы мен оның дамуына үлес қосқан оқытушылардың қызмет жолы мен ғылыми ізденістеріне арналған «Тереңге тартқан тамырын» атты библиографиялық жинақтың салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі өтті. Оған барлық факультеттің декандары, ардагер ұстаздарымыз, әріптестеріміз бен білім алушылар қатысты. Аталмыш жинақ ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің идеясымен, менің редакциялығыммен, ұжымдық авторлардың құрастыруымен университет баспасынан жарық көрді.
Кітапқа факультетте ұзақ жылдар бойы қызмет істеп, еңбек сіңірген 114 адам енді. Университеттің құрылуының бастауында тұрған филология факультетінің тарихы 1938 жылдан басталады. 85 жылдан аса ұлттық және жалпы руханиятқа, білім мен ғылымды өркендетуге, жан-жақты мамандар дайындауда өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан аталмыш ұжым ең әуелі тарих пен филология факультетінен бастау алды. Құстың қос қанатындай осы екі факультет бір-біріне өте жақын, біте қайнасады.
Халық даналығында «Бірінші сөз жаралған», «Сөз өнері – өнер атаулының басы» дейтін қанатты тіркестер бар. Сол сөздің тылсым құдіреті болуы керек, филология мен тарихтың университет тарихының бастау бұлағында тұрғандығы. Өткен ғасырдың ортасына таман ашылған оқу ордасының жүріп өткен өнегелі өткелінде, жалпы жұртшылыққа жақсылық жасаған жасампаз жолында, ізгілік тұнған іздерінде талай сыр жатқандығы айдан анық. Қашанда тарихты адамдар, оның ішінде тұлғалар жасайтыны бұрыннан айтылып келеді.
Осы тұрғыдан келгенде университет тарихының биік асуында, терең иірімінде біршама біртуар тұлғалардың бар екендігі және сол тұлғалардың біздің мақтанышымыз болатынын да баса айтқанымыз жөн. Осындай тау тұлғаларымыздың бірі – академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов 1972 жылы Қарағанды педагогикалық институтының құрамынан сол кездегі Республика бойынша екінші атанған Қарағанды мемлекеттік университетінің негізін қалады. Сол себепті университет – сонау 1938 жылы ашылған Мұғалімдер институтының заңды жалғасы, мақсатты мұрагері.
Алдыңғы буынның бай тарихын дамыта отырып, бүгінгі биік белесіне көтерілді. Осы жолда университет филология факультетін ерекше құрметтеп, қадір тұтады. Ол – тек қана бірінші болып ашылғандығында емес, ұлттық тіл мен әдебиеттің қайнар көзі, сөйлер сөзі, ортаға салар ойы, желбіреген туы болғандығында болса керек. Бүгінде осы филология факультетінің құрамында 5 кафедра еселі еңбек етуде. Факультет ұжымы осынау ғасырға таман ғажап ғұмырында қаншама белестерді бағындырды, асулардан асты. Мұның бәрі жай оқытушыдан академикке дейінгі ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі, білімдар білігі, тәлім-тәрбиесі деуге болады.
Уақыттың өшпес өрнегіне айналған ұстаздар ұстаханасы әр жыл сайын толқын-толқын шәкірттерді түлетіп ұшыруда. Мектептен келген балауса үміткерлерді балапанша баптап, қанатын қатайтып, маман-қыран қылуда.
Осынау жемісті жылдардың, толқынды уақыттың бір белгісі болып қалсын деген ниет-тілекпен «Тереңге тартқан тамырын» атты библиографиялық жинақты шығарып отырмыз. Мақсатымыз – білім мен ғылым жолында барлық саналы ғұмырын арнаған аяулы да ардақты жандардың адамдық қадір-қасиеті, ерен еңбегі, ізденіс іздері, мамандықтың қыр-сырынан өскелең ұрпаққа ұлағат, үлгі- өнеге болсын дедік. Бұл жинаққа кірмей қалған, факультетіміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан өмірде жоқ 39 тұлғамыз, ардагер ұстаздарымыз 2021 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің редакциясымен шыққан «Қалдырған ізі мәңгілік» – «Вечно имя доброе…» естеліктер кітабына (Қарағанды: акад. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің баспасы, 2021. – 540 б.) енді. «Тереңге тартқан тамырын» жинағы – осы еңбектің заңды жалғасы. Университет тарихына арналған мұндай еңбек алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек деген ойдамыз.
Елдос ТҮЙТЕ,
академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің деканы.