Бір салаға, оның ішінде, бір жерде тапжылмай 40 жыл жұмыс істеу – екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Жарты ғұмырыңды сол жерде өткізгенмен пара-пар. Ал, басқа емес, шахтада 40 жыл жұмыс істеу – бөлек әңгіме. Сонау бозбала шағында «Молодежный» разрезіне жұмысқа қабылданған Ғазиз Токов ағамыз аттай 42 жылын сарп етіп, осы жерден зейнетке шықты. Сәйкесінше, талай жылғы еңбегі еленді. Бірнеше орденді омырауына қадады. Қазір бала-шағасы да ер жетіп, өз алдына бір-бір үй тікті.
Қазақта «Тұңғыш немерені атасы мен әжесінің бауырына салу» деген тамаша ұғым бар ғой. Ғазиз Ермекұлы да үлкендердің қолында тәрбиеленген. Атасы 1925 жылы «Семізбұғы» руднигі енді ашылғанда кенші болып жұмысқа тұрыпты. Сол жерде 40 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Ғазиз ағамыз да атасының жолын жалғап, 1979 жылы Қарағанды тау-кен техникумына оқуға түседі. 1982 жылы тәмамдаған соң ауылға қайтып, Молодежный көмір разьезіне жас маман болып қабылданады. Сол уақытта кейіпкеріміздің жасы небәрі 21-де ғана еді. Өзі «Еңбек кітапшамды қолыма өмірімде бір-ақ рет ұстаған адаммын» деп күліп қояды.
– Зейнет жасына толғанымда құжаттарымды жинадым. Жұмысқа қабылданған жылдары еңбек кітапшама қол қойғаным есімде. Одан кейін қолыма ұстап, парақтап тұрғаным осы ғана. Дәл осылай айтсам құжат қабылдайтын мамандар аң-таң болды да қалды, – деді.
Жұмысқа алғаш тұрған жылдары эксковатор жүргізушісінің көмекшісі ретінде қабылданыпты. Одан кейін ауысымның шебер болып біршама жыл еңбек еткен. Темірдей тәртіп пен төзімнің, еңбектің нәтижесінде бұрғылау-жару участке басшысының орынбасары, кейін басшысы лауазымына көтеріледі. Әрі басшылық міндетте 25 жыл қызмет етеді. Зейнет жасына шығар шағында басшының орынбасары лауазымына қайта тағайындалып, қазір сол жерде әлі жұмыс жасап жүр. Соңынан ерген жастарға – ұстаз. Кешегі алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын жастардың арасын жалғап тұрған – алтын көпір. Тәжірибелі маман иесі. Жер астына түсіп, көмір шығару – оңай емес. Ал, шахтада бұрғылау, жару жұмыстарын жүргізу – одан бетер қауіпті. Ондай жұмыстарды істейтін, жауапкершілік алатын маманның әуелі біліктілігі сыналады. Ал, Ғазиз ағамыздың талай жылғы еңбегінің, тәжірибесінің қандай екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
– Жұмыс болған соң түрлі жағдай болып тұрады ғой. Біздің жұмыс – бұрғылау және жару. «Мынау қалай болады екен?», «Дұрыс қойылды ма?», «Ойдағыдай жарылса екен» деп жұмысың біткенше алаңдап жүресің. Жарылыс жұмыстарын жүргізбес бұрын құрал-жабдықтарды тексеріп, қажетті жерге жеткізесің. Қауіпсіздік ережесіне сай оны құрудың және орнатудың белгілі бір ара қашықтығы болады. Соның бәрін дұрыс орнатып, дұрыс қоюың керек. Ең бастысы міндет – қауіпсіздік. Берілген участкеңді бұрғылап, жарып біткеніңізше жаның жай таппайды, – дейді.
Былай қарасаңыз, ағамыз сонау 1980 жылдардағы жүк көліктері мен XX ғасырдағы техниканың айырмашылығын көзбен көрген жан. Жұмысқа келген жылдарын еске алып, өзі тізгіндеген эксковаторы жайында сөз қозғады.
– Көмір өндірісінде эксковатор шөмішінің сыйымдылығы бес текше метр болатын. Қазіргі пайдаланып жүрген Hitachi маркалы эксковатор шөмішінің сыйымдылығы – 22 текше метр. Арасы жер мен көк. Мәселен, кезінде бір сағатта 500 тонна көмір шығарсақ, қазір 2000-3000 тоннаға дейін өндіреміз. 1980 жылдары мініп жүрген «БелАЗ» жүк көліктері 25 тонналық болса, қазіргілерінің қуаты – 220 тонна. Қазіргі техниканың қуаты да, соған сәйкес көлемі де үлкен.
Қазіргі жастар да білімді. Әрқайсысының болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Кезінде оқуын енді тәмамдап, разрезге орналасқан шәкірттерім қазір өз алдына бір-бір маман. Солардың қатарында қазір бұрғылау-жару участкесін басқарып отырған Әли Серікбайұлын айта кетпеске болмайды. Өзімнің төл шәкіртім. Еңбегінің арқасында кезінде ауысым шебері, одан кейін участік басшысының орынбасары болды. Қазір білдей басшы. Мен әрқайсысымен мақтанамын, – деді ағамыз.
1989 жылы өмірлік жары Гүлшараны жолықтырып, отау құрады. Қазір бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Ұлы Азат Қазақстан теміржолында заң саласында, қызы Диана банк саласында қызмет істеуде. Ал, кенжелері Аяна да елордада мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.
Ағамыздың еңбегі еленді. Ерен еңбегі үшін «Шахтерская слава» орденінің толық иегері атанды. «Көмір өнеркәсібінің құрметті шахтері» орденінің де иегері. Осы бір абыройға жеткізген – еңбек. Ал, ерен еңбек ешқашан ұмытылмақ емес. Ұмытылмайды да.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz