Жаңалықтар

“Ерен еңбек – ел ырысы”

Мемлекеттің келешегін айқындайтын саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Ел ырысын еселеуде ерен еңбек етіп келе жатқан ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК қабылдады. Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған ресми шараға қожалық жетекшілері, шағын кәсіпорын басшылары, ауыл шаруашылық саласының озаттары қатысты.

– Ел экономикасын еселеуде, ауыл шаруашылығы, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі саласының қызметкерлері үлкен үлес қосып отыр. Ауыл шаруашылығына белсенді инвестиция тартылуда, бұл негізгі капиталдың 130,3%-ын құрады. Жыл басынан бері 303 жұмыс орны ашылып, 11,1 млрд. теңге сомасына 15 инвестициялық жоба іске қосылды. Ауыл шаруашылық техникалары жаңаруда. Бұл шаралардың барлығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін облыстың агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлері табысты қарсы алып отыр. Облыс аграршылары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жақсы өнім алды. 940 мың тоннадан астам жоғары сапалы астық бастырылды. 278 мың тонна картоп және 55 мың тонна көкөніс жиналды. Мал өсірушілер де жетістіктерін көрсетуде.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы өңірдегі ауыл шаруашылық саласының тұрақты дамуына оң ықпалын тигізуде. Мәселен, биыл облыстық бюджеттен минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша қаражат бөлінсе, келесі жылдан бастап мемлекет суармалы егіншілік жобаларын қолдайтын болады. Облыс экономикасының басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласында халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыруда жауапкершілікпен жұмыс жасап отырған азаматтардың еңбегі елеусіз қалмады. Нұра ауданындағы «Шахтерское» ЖШС директорының орынбасары Виталий Прокоп, «Қайнар» ЖШС бас агрономы Айнар Нығыметов, «Отқанжар» ЖШС директоры Аслан Отарбаев, Жаңаарқа ауданы, «Ескене» ШҚ атқарушы директоры Дархан Төлеуов, Абай ауданы, «Макс ШҚ басшысы Максим Жабяк, Осакаров ауданы, «Агро Болашақ KZ» ЖШС директоры Жасұлан Қаймақов, Қарағанды қаласы, «Қарағанды-Нан» корпорациясының құрылтайшысы Игорь Усатов, Қарқаралы ауданы, «Ынталы» ШҚ басшысы Ардақ Елубаев, Бұқар Жырау ауданы, «Желдібай» ШҚ басшысы Қайрат Сарлыбаев, Шет ауданы, «Тау» ШҚ басшысы Қанат Түсіпбеков, Ақтоғай ауданы, «QAZAQ STEPPE SHEEP» ЖШС бас директоры Бекболат Сағындық облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Салмақты салада ата кәсіпті дамытуда Прокоп, Төлеуов, Нығыметов, Жабяк, Отарбаев, Қаймақовтар әкелері салған сара жолды абыроймен жалғастырып келе жатқан әулеттер.

– 2018 жылдан бері әкемнің шаруашылығын басқарып келемін. Өсімдік және малшаруашылығымен айналысамыз. 20 жылға жуық жылқы өсірумен шұғылданып келеміз. Бүгінде 700 бас жылқы бар. 10 мың гектар жерді игеріп жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламалар және облыс әкімінің қолдауымен ауыл шаруашылығын дамытуда жоғары көрсеткіштерге жетіп отырмыз, – дейді Жасұлан Қаймақов.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button