Қарағандылық актрисаның еңбегі еленді
Аймақта 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген әйелдерді құрметтеуге арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара аясында өңірдің дамуына үлес қосқан әйелдер мемлекеттік наградалар табысталды. Солардың қатарында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының талантты актрисасы Дина Заитова бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 3 наурыздағы Жарлығына сәйкес, өнер саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі мен мәдениетке қосқан үлесі үшін ол «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды.
2006 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «актерлік өнер, музыкалық театр актері» мамандығы бойынша тәмамдаған ол аймақтағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында қажырлы қызмет етіп келеді.
Сахнадағы алғашқы қадамдарының бірі – Шота Уәлихановтың «Ақнұр» драмасындағы Бота бейнесі. Осы рөл арқылы жас актриса өзіне тән актерлік қолтаңбасын танытып, көрермен мен театр мамандарының назарын аударды. Театр сахнасында Дина Заитова көптеген күрделі әрі әрқилы кейіпкерлерді сомдап, өзін жан-жақты актриса ретінде танытты. Оның шығармашылық қоржынында қазақ және әлем драматургиясының үздік туындыларындағы бірқатар маңызды рөлдер бар.
Актриса Ж.Ануйдің «Бозторғай» спектаклінде – Жанна д’Арк, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Шолпан, «Қарагөзінде» – Ақбала мен Мөржан, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегінде» – Жібек, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарында» – Меңтай, П.Мерименің «Carmen» қойылымында – Кармен, Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» драмасында – Фариза бейнелерін сомдап, көрермен жүрегінен орын тапты.
Сондай-ақ, Дина Болатқызы – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған алғашқы театр актрисаларының бірі. 2022 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінде Дина Заитова – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының жетекші актрисаларының бірі. Оның сахнадағы бейнелері әрдайым өзіндік ерекшелігімен, ішкі тереңдігімен және шынайылығымен көрермен көңілінен шығып келеді. Өнерге адалдық пен үздіксіз шығармашылық ізденіс актрисаның кәсіби жолын айқындап, қазақ театр өнерінің дамуына қосқан үлесін айқын көрсетеді.
Мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалі – талантты актрисаның өнер жолындағы еңбегіне берілген жоғары баға.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



