АймақЖаңалықтар

Ерекше сайлаушыға – ерекше жағдай

Жапалақтап жауған аппақ ұлпаның астында Жақып Ақбаев атындағы мектепте орналасқан №130 референдум учаскесіне ат басын тіредік. Мұнда дауыс беру үдерісі белсенді әрі көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатыр. Таңғы сағат 07:00-ден бастап тұрғындар өз таңдауын жасауға келген. Учаскеде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да қажетті жағдай жасалыпты.

Суреттерді түсірген автор

Учаскеде дауыс беру таңғы сағат жетіден басталды. Алғашқы сағаттардың өзінде-ақ жиырма шақты сайлаушы келіп үлгерген.

Учаскелік комиссия төрағасы Майра Ақылтаеваның айтуынша, тұрғындардың белсенділігі жақсы байқалады. Бүгін учаскеге зағип сайлаушы Сағынай Сағыныш келіп, өз таңдауын жасаған.

– Біздің учаскеге бүгін ерекше қажеттілігі бар сайлаушы Сағынай Сағыныш келді. Оған арнайы орын дайындалған. Брайль қарпімен өзі оқып, өз қолымен дауысын беріп, бюллетенін жәшікке апарып салды. Қасында сенімді өкілі болды, – дейді Майра Аманкелдіқызы.

Сағынай Сағыныштың айтуынша, дауыс беруге дайындалу барысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Брайль қарпімен жазылған Конституция үлкен көмек болған.

– Бізде арнайы кітапханада зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Брайль қарпіндегі Конституция шықты. Соның көмегімен оқып, зерттеп, осы жерге дауыс беруге келдім. Бұл басылым үшін көп рахмет!Өйткені зағип жандарға үлкен мүмкіндік береді. Біз өз қолымызбен оқып көргеннен артық ештеңе жоқ деп ойлаймын, – дейді ол.


Айтуынша, бұл – ел ертеңі үшін жасалған тарихи сәт, маңызды қадам.

– Арнайы дайындалған орынға келіп, өз таңдауымды жасадым. Барлығы өте ыңғайлы болды, қажетті жағдайлар жасалғанына риза болдым, – деді сайлаушы.

Учаскеде дауыс беру белсенді әрі мерекелік көңіл-күйде өтіп жатыр. Сайлаушылар бір-біріне шашу шашып, тәттілер әкеліп, ортақ қуанышпен бөлісуде.

Комиссия төрағасының айтуынша, алғашқы келген сайлаушылар да назардан тыс қалмаған.

– Ең алғашқы келген 80 жастағы үлкен әжеге «Қазақстан» шоколадын бердік. Сондай-ақ, бірінші сайлаушыға да сыйлық табыстадық. Бізге Орталық сайлау комиссиясынан арнайы сыйлықтар қалам, қойын дәптер және күнтізбе келді. Оларды келген адамдарға беріп жатырмыз. Барлығы мәз болып, ризашылықтарын білдіріп, рахмет айтып қайтып жатыр, – дейді Майра Амангелдіқызы.

Жалпы, №130 референдум учаскесінде дауыс беру үдерісі ұйымдасқан әрі белсенді түрде өтіп жатыр.

Мұнда әр азаматтың, соның ішінде, ерекше қажеттілігі бар сайлаушылардың да өз таңдауын еркін әрі қолайлы жағдайда жасауына толық мүмкіндік бар.

Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button