Ерекше балалар Наурыз шаттығына бөленді
Көктеммен бірге келетін жаңару мен жақсылықтың нышаны – әз Наурыз биыл да жүректерге жылу сыйлады. Әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін мұндай мерекелік сәттердің мәні тіпті бөлек. Қазыбек би атындағы ауданның үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі ұйымдастырған «Қош келдің, әз Наурыз» атты іс-шарада дәл осы мейірім мен қамқорлықтың лебі анық сезілді.

Мерекелік іс-шара барысында бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары бір сәтке болса да, күнделікті күйбеңнен арылып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Кештің шырайын «Дариға-ай» этно-би ансамблі кіргізді. Қайырымдылық мақсатында өнер көрсеткен ұжым әуезді әндер орындап, көрерменге мерекелік көңіл сыйлады. Сонымен қатар, «Диля» би ансамблінің өнерпаздары «Қара жорға» биін билеп, ұлттық нақыштағы көріністермен кешті жандандыра түсті. Әншілердің орындауындағы әсем әндер де жиылған жұрттың көңілін көтерді.
– Біздің бөлімшеде үй жағдайында қызмет алатын 156 мүгедектігі бар бала бар. Бүгінгі мерекеге ата-аналарымен бірге 80 адам қатысып отыр. Барлық іс-шара демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кеше 40 балаға, ертең тағы 40 балаға арналған мерекелік бағдарлама өткізу жоспарланған. Барынша көп баланы қамтуға тырысып жатырмыз, – деді бөлім меңгерушісі Аманкүл Алинова.
Аманкүл Оралханқызының айтуынша, мұндай игі бастамалар балалардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, көңіл-күйінің көтерілуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болсын әсер етеді. Іс-шараға қатысқан ата-аналар да ризашылықтарын жасырмады. Солардың бірі – Гүлжазира Күлмағанбетова.
– Үйде отыра бергеннен гөрі, балалардың сыртқа шығып, сергіп қайтқаны жақсы екен. Осындай игі шараны ұйымдастырып, балаларымызға көңіл бөліп жүрген жандарға алғысымыз шексіз. Әсіресе, қызым Алима үшін барын салып, жаңа да әнімен жұртты тәнті еткен Сәния Хамитқызына ризашылығымды білдіремін. Балаларымыздың жүзінен қуаныш көргенде, көңіліміз марқайып қалады. Осындай мерекелер олардың қоғамнан шет қалмай, өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы – балаларымыздың бақыты, – деді ол.
Мерекенің шынайы лебі сезілген бұл кеш балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы жанашырлық пен мейірімнің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені, Наурыз – тек табиғаттың ғана емес, адамдардың да жүрегін жаңартатын мереке екені кәдік.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»




