Бас тақырып

Ерекше бала елеусіз қалмайды

Соңғы жылдардағы клиникалық және психологиялық-педагогикалық зерттеулер денсаулықта мәселелері бар әртүрлі жастағы балалар санының көбейгенін көрсетуде. Оған қоса, әлі де инклюзия сыныбы мен арнайы оқытатын орталық іздеген ата-ана көп. Баланың тілін шығаруға көмектесетін логопедке де сұраныс артты. Психологиялық дамуы тежелген, тілінде кемістігі бар әрі бүгін жаттағанын ертең ұмытып қалатын балалар көбеюде.

Сурет pixabay

Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуы үшін Қарағанды облысында инклюзивті білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Жол картасының жоспарында кадрлық, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, кедергісіз орта құру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Облыста ерекше білімге мұқтаж 14 870 адам бар. Оның 2 275-і – мүгедек бала. Облыс мамандары мүмкіндігі шектеулі балалар үшін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді білім берудің ең маңызды міндеті деп біледі. Қазіргі таңда аймақта 55% балабақша, 81% мектеп және 70% колледжде инклюзивті білім беруге жағдай бар.

– Облыста ерекше балалар үшін 17 арнайы ұйым жұмыс істейді. Өткен жылы Саран қаласында түзету кабинеті ашылды. Тағы осындай кабинетті Қарағандыда ашу жұмысы жүргізілуде. Оқу жылының басында Қарағанды, Саран, Теміртау қаласында арнайы мектеп-интернаттарында ақыл-ойы және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін қосымша 5 сынып ашылды, сондай-ақ, Теміртауда ақыл-ойы бұзылған балалар үшін қосымша 2 топ ашылды, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.

2025 жылға дейін Балқаш, Қарағанды қаласы, Бұқар жырау ауданында тағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылмақ. Жалпы, облыста ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 10 арнайы мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. Мамандар тәжірибесі ерекше баланы қоғамнан алыстатуға болмайтынын байқатты. Олар тәжірибе енгізуде балаларға жеке тұлға ретінде қарайды.

Облыста инклюзияны дамытудың бастапқы кезеңі 27 мектеп пен «Алмагүл» балабақшасының базасында өткізілген облыстық және қалалық эксперименттер мен жобалар болды. Бұл мектеп пен балабақшада ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен дамытуға арналған әдістемелік платформаның белсенді дамуына ықпал етті. Осы ұйымдардың педагогтары ерекше тәсілді талап ететін балалармен оқу-дамыту процесін тиімді ұйымдастыру үшін оқу-әдістемелік кешендер, бағдарламалар әзірледі. №27 мектеп жұмысы республика деңгейінде оң деп танылды.

Қарағандылық логопед Айгүл Темірқызының айтуынша, көпшілік аналар балалары сөйлемей қалса, бірден инклюзивті орталық іздейді. Ол – қате.

– Ерекше білім қажеттілігі бар оқушыларды жалпы білім беру бағдарламасы бойынша жеке немесе қысқартылған оқу бағдарламасы психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес қорытындысына сәйкес ұйымдастырылады. Инклюзивті сыныпта ерекшелігі бар екіден көп емес бала оқи алады. Инклюзивті және арнайы сыныптарда оқитын ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар үшін арнайы педагогтермен жеке немесе топтық түзету сабақтар өткізу көзделеді. Жаңартылған мазмұн шеңберінде оқыту нәтижелерін бағалау критериалды жүзеге асырылады.

Баланың денсаулығына қатысты көп мәселе ата-анаға тікелей байланысты. Денсаулық үшін дұрыс шешім қабылдауға асығатын аналар қандай тиімді ұсыныс болса да келісуге бейім. Ата-ана өзіне және баласына сенуі керек. Мәселен, аутизм дерті ешқайда жоғалып кетпейді, оны ешқандай дәрі емдей алмайды. Оның бір ғана жолы – тұрақты ем алу, – дейді маман.

Оның айтуынша, кейде бала бір жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болады. 3-4 жастан асып кетсе де, тілі шықпайтындар бар. Оны баланың еркелігімен байланыстыру – дұрыс емес. Маман бүгінгінің балалары қарапайым ет жеп, сүйек мүжуі керек дейді. Сүйек мүжігенде ауыз қуысының бұлшық еттері ширап, баланың артикуляциясы жаттығады, яғни, жақ сүйектері қимыл-қозғалысқа түседі.

Маман пікірінен түйгеніміз, инклюзия – ерекше қажеттілігі бар білім алушыларға айрықша көңіл бөлінбеуден туындайды. Дамуында ауытқуы бар балаларды жалпы мектептерде оқытуға аса дайын еместігіміз де инклюзивті білімді дамыта алмайтынымызды айқындап отыр.

Білім беру ұйымдарында білім алушылар үшін арнайы қондыр­ғылардың және оқу материалының болмауы, сонымен қатар, педагогтар үшін әдістемелік құралдың жеткіліксіздігі – мәселеге тоқталуды талап етеді.

Ауылдық жерлерде инклюзивті бастауыш сыныптарда сабақ беретін (аты-жөнін жазбауды өтінді) мұғалімдердің басым көпшілігі кейбір оқушылардың бүгін айт­қанды ертең ұмытып тұратынын, сыныптан-сыныпқа көшуде кедергі келтіретін оқушылардың бар екенін айтады. Көбісінің алға тартатыны – психологиялық дамуы тежелген, тілінде кемістігі бар оқушылармен жұмыс істеудің қиындығы. Олар ерекше көңіл аударуды қажет ететіндіктен, осындай балалармен психолог, логопед, дефектологтар жұмыс істеуі тиіс. Өкінішке қарай, ауылдық жерлердегі мектептерде баланың тілін шығаруға көмектесетін логопед маман жоқтың қасы.

Логопед жайлы сұрағанымыз­да, басқарма мамандары балалар үшін мектеп педагогтерінің 7 818-і оқытылғанын айтты. Оның ішінде 6 712 педагог инклюзив тәжірибеге тартылыпты. 155 пән мұғалімі «Дефектология» мамандығы бойынша қайта даярлау курстарында қайта оқытылған.

Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 607 педагог пен 60 ата-ана аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істеу үшін мінез-құлықты талдау әдістемесіне қатысқан.

Басқарма дерегінше, 2023 жылы ерекше балаларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. 4-6 сыныптар үшін зағип балаларға арналған Брайль шрифтімен бейімделген және 10-11 сыныптар үшін нашар көретін білім алушыларға арналған ірілендірілген шрифтпен оқулықтар алыныпты. Оған қоса, өткен жазда алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар 360 баланың жазғы демалысы арнайы мектеп-интернаттар базасындағы лагерьлерде өткені белгілі.

– Жасыратыны жоқ, балам ауытқушылығы бар балалармен бір сыныпта білім алады. Ата-аналары ондай мектептерге жібергісі келмейтіні түсінікті. Ерекше балаларға қатардағы мектеп оқушыларымен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасаған дұрыс. Баланы бір-бірінен бөліп-жарып, өзектен теппей, бауырға басу керек. Ерекше балаларға қоғам болып көмектескен дұрыс, – дейді №27 мектеп оқушысының анасы Гаухар Әлімжанқызы (аты-жөні өзгертілген).

Білім ошақтары оқушылардың тең дәрежеде білім алуын қолдағанымен, бала еміне қатысты көп мәселе ата-анаға келіп тіреледі.

– Елімізде ерекше баланы оңалту және түзету қызметінің құны – 200-350 мың теңге. Өкініштісі сол – ерекше баланың еміне мемлекет тарапынан ұзақмерзімді тегін немесе жеңілдігі бар көмек те қарастырылмаған, – дейді қарағандылық Самал есімді баланың анасы.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оңалту және жаңа технологияларды енгізу бөлімінің меңгерушісі Зәуре Жангелдинованың айтуынша, елімізде аутизмге шалдыққан балалар саны 12 мыңнан асады. Алайда, ерекше балаларды анықтаудың ұйымдасқан жүйесі қалыптаспағандықтан нақты сан бұдан бірнеше есе көп деген дерек бар.

Бүгінде инклюзивті білім беретін сыныптарда жұмыс істейтін мұғалімдердің барлығы 1590 педагог және арнайы білім беретін 50 педагог бар. Оларға тиісті қосымша ақы төленеді. Осы орайда Қарағандыдағы №27 мектепте «Қашықтықтан оқыту» және «Қосымша білім беру» жобалары жүзеге асырылуда. Болашақта аймақта 600-ден астам педагогты оқыту жоспарланып отыр.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button