АймақБалқаш

Ердің жүгін көтерген

Балқаш қаласындағы өндіріс саласында еселі еңбек етіп жүрген Жанна Басымбекова облыс көлемінде өткен «Еңбегі жанған арулар» форумында кәсіби шеберлігімен көзге түсіп, көпшілік ықыласына бөленді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміз – «Қазақмыс ко­рпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің оқшаулаушысы. Ол бұл салада 25 жылдан бері абыроймен еңбек етіп келеді. Жұмысқа деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы, мамандығына адалдығы оны ұжым ішінде ғана емес, жалпы өндірістік ортада да беделді маман ретінде танытты.

Оқшаулаушы – үлкен мұқияттылық пен біліктілікті қажет ететін мамандық. Жанна осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, талай сынақтан сүрінбей өтіп келеді. Ол өндірістегі еңбек қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, тапсырылған істі сапалы әрі уақытылы орындауымен ерекшеленеді.

Әріптестері оның кәсіби шеберлігін ғана емес, адами болмысын да жоғары бағалайды. Жас мамандарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп жүруі – оның іскерлігін ғана емес, өмірлік ұстанымының да биіктігін көрсетеді.

«Еңбегі жанған арулар» форумы аясында Жанна жерлесіміздің еңбегі лайықты бағаланып, өнегелі өмір жолы көпке үлгі ретінде көрсетілді. Бұл – тек жеке марапат емес, жалпы еңбек адамына, өндірістегі нәзікжанды, бірақ, қайсар әйелдерге көрсетілген зор құрмет.

Жанна Басымбекованың өнегелі жолы – жас буынға үлгі, қоғам үшін құнды тәжірибе. Облысымыз­да осындай еңбекқор, табанды азаматшалардың еңбегін дәріптеу – бүгінгі күнде маңызы зор. Мереке қарсаңында ғана емес әр күн сайын еңбек адамдарының есімі дәріптелсе, артық болмас.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button