Руханият

Ердің даңқы – елге мақтан

Қазақ даласында батыр Нұркен ӘБДІРОВ атын иемденген ауыл, мектеп, түрлі нысандар жетерлік. Ескерткіштері қаншама батырдың. Қазақстанды айтпағанда, көрші Ресейде де бар. Елдің атын ер шығармай ма? Батыр есімін алған мекеннің бірі – Ақтоғай ауданындағы Нұркен селолық округі. Аталған ауылға батыр есімі қалай, қашан берілгенін аталған ауылдық кеңес алғаш құрылғанда, басы-қасында болып, басшылық қызмет атқарған Қауаз МҰҚАЖАНОВТАН барып білген едік. Біз бүгінде Қарағандыда тұратын ақсақалдың айтқанын хатқа түсірдік.

1973 жылы Ақтоғай ауданында Жәмші деген совхоз құрдық – дейді Қауаз ақсақал. – Мен сол Жәмші совхозының директоры болып тағайындалдым. Алғашында үй жоқ, кеңсе жоқ совхоз орталығы болатындай. Совхоздың келесі жиналысын Калининде (қазіргі Қаратал) өткізуді ұйғардық. Жиналыстан соң Шаяхмет атты ақсақалдың үйіне шайға бардық. Еті тірі, сөзшең ақсақал екен. Шай үсті әңгіме арасында «біз де бір айтулы елміз. Бүкіл Одақ білетін Нұркен батырдың аталастары осы маңда тұрады. Нұркен батыр менің де жақын туысым» деп қалды. «Шын туысқаныңыз ба?» деп ем, әкесі Әбдірге дейін жеті атасын тарқатып, туыстарын айтып берді.

Сөзінің анық-қанығына көзім әбден жеткен соң, ертеңіне облыс орталығы Жезқазғанға облыстық атқару комитетіне бір-ақ тарттым. Онда ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ақтоғай ауданында көп қызмет атқарған жан жолдасым болатын. «Батыр елге ортақ қой, совхоздың аты Жәмші болып кеткенімен, ауылдық кеңес пен орталыққа Нұркен аты берілсе?» деген ұсыныс айттым. Содан екеуміз осы мәселемен сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Хамза Жұмабековке кіріп, сөйлестік. Құжаттар Жоғарғы кеңестің мақұлдауына кетіп қалған екен, алайда, төраға «ауылсовет аты Жәмші болып тіркеліп кетті ме, жоқ па біл?» деп ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіне тапсырды. Ол қоңырау шалып еді, мақұлдау кезегінде тұрғанын, әлі жетпегенін, таяу арада кезегі келетінін айтты хатшы. Тілегеніміз де сол еді, құжаттарды қайтаруын өтініп, қайтарса, батырдың атына қайта ұсынылатынын мәлімдеді. Ол жақ келісіп, сол күні жөнелтті, біз ертесіне ауылсоветті Нұркеннің атына жазып, Хамзекең қол қойып, қайта жөнелттік. Сөйтіп, әуелі Алла, сонсоң Хамзекеңнің арқасында ауылдық кеңеске батыр есімі бұйырды. Бұл – 1973 жылдың желтоқсанындағы оқиға Ал, енді бөлімшелер біріктіріліп, үлкен шаруашылық ашылған соң, орталығы болуы керек қой. Орталық салатын құрылысшы инженерлерге тапсырыс берсек, жобасын «Жәмші совхозының орталығы Қауаз селосы» деп менің атыма түсіріп сызып әкеліпті. «Мыналарың не?» десем, «жоспарға осылай еніп кетті, өзгертуге болмайды» дейді. «Ел ертең өз атына орталық салып жатыр деп арыз жазады да, екі ортада салынбай қалады» деген уәжбен сызып тастап, «Нұркен селосы» деп жазып бердім. Сонымен 1974 жылы мамырдың 13-де Нұркен ауылдық кеңесі орталығының алғашқы қазығын қақтық. Ақтоғай ауданындағы Нұркен селолық округі, Жәмші ауылы дүниеге осылай келді! Кейін осында мектеп салдық, оған да батырдың аты берілді. Бертінде ауылдағы мәдениет үйінің алдына батырдың ескерткіші ашылды. Ер есімі елге ортақ, ерлік ісі – көпке үлгі. Бұдан елдің айбыны асып, аты шықпаса, бәсі төмендемейді. Күллі қазақ білетін Нұркен есімін айтып қай ауыл, қай аудан мақтанса да, жарасымды деп білемін. Батырдың биылғы мерейтойы елдің рухын қайрасын, – деп қайырды ақсақал әңгімесін.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button