Ер-тоқым мен топатай: ғасырлар сырын бүккен көне бұйым
Өткен жылдардан сыр шертіп, тарихтан тағылым беретін орынның бірі – музей. Шет аудандық музейі де жергілікті халықтың ғасырлардан тамыр тартқан өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығын, ата тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуде өз міндетін абыроймен атқарып келе жатыр. Өңірдің мәдениеті мен рухани ордасына айналған музейде жылдар бойы сақталып, сыны мен сырын жоғалтпаған тарих көмбесіне куә болдық.
Соның бірі – ұлттық жәдігерлер ертоқым мен топатай. Дәуір тарихы, этнографиясы, тарихи жәдігерлер жинақталған музейдегі қос бұйым көнеден келе жатыр.
– Көшпелі қазақ тарихында ер-тоқымның орны бөлек. Жеті қазына деп қадір тұтқан ат әбзелінің бірі. Бұл тарихи жәдігердің иесі – Орджоникидзе атындағы колхозды ұйымдастырушы, 1937 жылғы репрессияның құрбаны болған Әйеш Көбенұлы. Бұл кісі 1989 жылы ақталады. Ұлт жанашыры тұтынған ердің үсті қоңыр түсті былғарымен қапталған. Алдыңғы қасы оюланып, күмістелген. Ағаш және темір матриалдарын қолданған. Тарихи жәдігерді 2007 жылы музей қорына ауыл тұрғыны Әйеш Ғабидолла тапсырды, – дейді аудандық археологиялық-этнографиялық музейдің экскурсоводы Әлия Кокина.
Музей сөресіндегі тағы бір көне бұйым – топатай. Ұлттық мәдениетіміздің
ең байырғы, аса құнды қолөнерінің бірі – ағаш ыдыс. Ертеде материалдық қажеттілік ағаштан түйін түйетін шеберлердің тұрмыстық заттар жасауына түрткі болды. Әрі ағаш ыдыстардың табиғи тазалығына да баса назар аударған. Топатай – айналасы қалың, ағаштан иіп жасалған сүт немесе су құятын шұңғыл ыдыс. Ішіне құйылған сусынның ұзақ және биологиялық құрылымының сақталуына әсері мол. Бұл ыдысты ауыл тұрғыны, қазақ күресінен бірнеше дүркін түйе палуан атанған Самал Айнатаев тапсырған екен.
Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz