Руханият

Ер есімі ұлықталуы керек

Қасым үйінде ауған соғысының ардагерлері және Тәжікстан мен Пә­кістан шекарасында әскери борышын өтеген сарбаздар бас қос­ты. Тағылымды жиында ел келешегі жастардың патриоттық рухын көтеру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, ардагерлер Тәжікстанның қаһарманы атанған Раджан Батырхановтың есімі Қарағандыда дәріптелсе деген тілектерін жеткізді. Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов модератор болды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Раджан Батырханов Ауғанстан шекарасында интернационалдық борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан. Шекарадан заңсыз өткісі келген 200-ге жуық содырға тосқауыл болған. Қаулаған жаудың назарын өзіне аудартып, қаншама қаруласын ажалдан аман алып қалған. Өзі сол шайқаста жан тапсырды. Ерлігі үшін ол Тәжікстан президентінің Жарлығымен 1-ші дәрежелі «Спетамент» орденімен марапатталды. Ер есімін ұлықтауға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов пен Астана өңірлік қолбасшылығының басқарма бастығы әскерлері қолбасшылығы басқармасы техникалық қамтамасыз ету басқармасы бастығы, полковник Шәкен Жарылқасынов және республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов арнайы келді. Аймаққа белгілі қоғам белсендісі Майра Әбдірахманова да қатысушылар қатарында.

– Батырдың есімін ұлықтау және оны құрмет төріне шығару – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Раджан Батырхановтың ерлігі қашан да жадымызда. Ол қайтпас қайсарлығымен өзінің жүздеген қаруласының өмірін сақтап қалды. Ардагерлердің тілек, өтініші орынды, – деді Нұрлан Бикенов.

Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов өз кезегінде облыс басшылығына тілегін жеткізді.

– Бұл күнде жастарды отансүй­гіштікке тәрбиелеу өте өзекті болып тұр. Себебі, қазір жас бу­ын Отан алдындағы қастерлі бо­рышын өтеуден қашады. Ал, оларды тәрбиелеу үшін Раджан Батырханов секілді батырлардың ерлігін ұлықтауымыз керек. Қарағандыдағы бір көшеге, немесе, білім ордасына батырдың есімі берілсе деген тілегіміз бар. Сонда ғана қаһарманның есімі қайта жаңғырмақ, – деді төраға.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов әскерден қашатын жастарды тәрбиелемесе, ел болашағы қараң деді.

– Шындыққа тура қарауымыз керек. Расында, әскерден қашу – бүгінгі қоғамның басты мәселесі болып тұр. Он жылдан кейін шекарамызды кімдер қорғайды? Бұл қиындықтан шығудың жолын дереу іздестірген жөн. Ардагерлердің негізгі міндеті – жас ұрпақты тәрбиелеу. Раджан Батыр­хановтың ерлігі мектеп оқушыларына айтылуы тиіс, – деді Еркебұлан Мұстағұлов.

Ерік НАРЫН,
ҚАРАҒАНДЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button