Қарағандыда Халық Қаһарманы Жұмабек Тәшенев атындағы көше жоқ. Бұл – «елдігімізге сын» дейтіндей-ақ мәселе. Ұлт үшін көзсіз ерлікке барған тұлғаны тиісінше қадірлей алмай отырмыз. Елді сақтаған ердің құнын білген жұрт едік. Ең өкініштісі – халықтың басым көпшілігі Жұмабек Тәшеневтің кім екенін де білмейді. Жастар түгілі, орта жастағылар да естімепті. Дәріптелмесе қайдан білсін?! Кеншілер шаһарына Халық Қаһарманы атындағы бір көше керек-ақ! Уақыттың да талабы – осы. Өйткені, көше атаулары сән үшін қойылмайды. Мұның да идеологиялық маңызы зор екенін көзі ашық азаматтар жақсы біледі.
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Совет үкіметінің тізгіні Никита Хрущевтің қолына тиеді. Жаңа басшы қанмен қорғалған мынау байтақ даланы тойдан сарқыт таратқан пысық келіншектей көрші мемлекеттерге бөліп бергісі келген. «Осынша дала мыналарға көптік етеді» дегенді желеу етіпті-мыс. Солтүстіктегі бес облысты Ресейге, батыстағы Маңғыстау түбегін тұтасымен Түрікменстанға, оңтүстіктегі біршама аумақты Өзбекстанға қосуды жоспарлаған. Ойын жүзеге асыру үшін небір қитұрқы айлаға барды. Хрущев бастаған алып империяның бетін Жұмабек Тәшенев қайтарған. Бірінші басшының алдында «КСРО Конституциясына сәйкес, әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерінде, өз табиғи байлығын өз меншігінде пайдалануға хақы бар. Бұл заңмен де санаспайтын болсаңыз, біз халықаралық сотқа шағым беруден де тайынбаймыз» деген. Жұмабек бабамыздың артында жәй ғана шекара емес, қасиетті Атамекен жатыр еді. Есіл ерлердің қанымен, аналардың көлдей көз жасымен сақталған Атамекен.
«Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында», – депті қаһарман. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзімен қатар қоюға әбден болады. Жұмабек Тәшеневтің ғұмырынан алар тағылым көп. Ел болашағының иесі кейінгі толқынды отансүйгіштікке баулу үшін ерлігі дәріптелуі қажет деген ойдамыз.
2010 жылдан беріге дейін Арқаның ақындарына, қайраткерлеріне, өз саласының үздіктеріне Жұмабек Тәшенев атындағы сыйлық табысталып келді. Осы сыйлықтың аясында оннан астам жас қаламгердің алғашқы кітабы жарық көрді. Шығынның бәрін өңірдегі Атымтай жомарттар көтерді. Осы тұста жеке кәсіпкер Сапар Ипкеевтің есімін атамасқа болмас. Сол игі шараның басы-қасында айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов жүрді. Айтбай ақыннан кейін Жұмабек атамызды ешкім дәріптемеді. Айтбай Жұмағұлов Жұмабек Ахметұлына көше ғана емес, даңғыл беруді ұсынып отыр.
– Жұмабек Тәшенев болмаса, мынау жұрт Атамекенінен айырылар еді. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орында емес, әлдеқайда төменде қалар едік. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерлік. Ұлттың бағына туған асыл перзент өз биігінде дәріптелуі тиіс деп есептеймін. Бүтін бір даңғылға батыр атамыздың есімі берілсе, артық етпейді, – деді Айтбай Жұмағұлов.
Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі берілгенде бөркімізді аспанға атып едік. Абай жылында Ленин даңғылы Абай Құнанбайұлына берілді. Оның да машақаты аз болған жоқ. Сол уақытқа дейін Қарағандыда Абай атындағы көше болмап еді. Былтыр Дінмұхамед Қонаевтың атымен бүтін бір қала аталды. Шаһардың оңтүстік-шығысында бой көтерген Бәйкен Әшімов атындағы шағын аудан «менмұндалап» тұр. Өзінің өмірін, мансабын бәске тігіп, жерді талан-таражға салдырмаған Халық Қаһарманы Жұмабек Тәшеневке де көңіл бөлінсе деген тілек бар.
«Ол заманда Мәскеу идеологиясы, партияның өктемдігі жүріп тұрғанда Тәшеневтің ерлігін айту қиынға соқты. Тәшеневті енді танып жатырмыз, Тәшеневтің тарихтағы шын бағасын енді біліп жатыр», – деп еді тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов. Қазір не бөгет?
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz