Ерқара Аймағамбетов: «Рухани жаңғыру» – бір сәттік құбылыс емес»
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жария етіліп, жүзеге асырыла бастағанына бір жылдан астам уақыт өтті. Содан бері бағдарламаның негізгі мін деттерін халыққа түсіндіру мен насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында облыста атқарылған жұмыстар ауқымды. Осы орай да, қолға алынған оң бастамалар туралы, оның ішінде, еліміздегі озық жоғары оқу орындарының бірі – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетіндегі жұмыстар жайлы оның ректоры, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік сарапта ма кеңесінің төрағасы, Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВПЕН сұхбаттасқан едік...
– Ерқара Балқараұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Менің түсінігімде, «Рухани жаңғыру» – өткенімізді, тарихымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрлерімізді толық зерттеуге мүмкіндік беретін бағдарлама ғана емес, сондай-ақ, қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен жаһандану сын-қатерлерін ескере отырып, қазақстандықтардың рухани құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған жоба. «Рухани жаңғыру» – ұлттық сананың кезең-кезеңімен терең өзгеруі. Тарихи құндылықтар мен тарихи сананы қалыптастыру – жаһандану дәуірінде ұрпақтың бойындағы білімнің маңызды факторлардың бірі. «Руха- ни жаңғыру» бір сәттік құбылыс емес, ол – біздің барлығымыздың, әсіресе, жас буынның қоғамдық санасын жаңғыртудағы ұзақ әрі іргелі жұмыс.
– Ал, өзіңіздің көзқарасыңызда бағдарлама несімен құнды?
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Алайда, сана мен ойлаудың бұрынғы моделін сақтайтын болсақ, алдыңғы топтан ойып тұру мүмкін емес екенін де ескертті. Сондықтан, өзгермелі жағдайларға қарай, біз қоғамдық санамызды жаңғыртуымыз қажет. Ол әлемдік тәжірибенің ең жақсысын алу, солай бола тұра, өзінің рухани және мәдени құндылықтарын сақтау және көбейту. Бүгінгі күні бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің басымдығы, сананың ашықтығы сияқты артықшылықтарға ие халықтар жеңіске жетеді, бірақ бұл ретте өзінің ұлттық бірегейлігін сақтау маңызды. Бір де бір жаңғырту ұлттық мәдениетті сақтаусыз орын ала алмайтынын және алға жылжу үшін ұлттың дамуына мүмкіндік бермейтін өткен элементтерден бас тарту қажет екенін есте ұстау керек. Бағдарлама осыны бойымызға сіңірді және сондығымен құнды.
– Өзіңіз басшылық ететін оқу орнында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда атқарылған шараларға тоқталсаңыз…
– Университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда алдымен Жол картасы әзірленді. Міндеттер бағдарламада айтылған алты бағыт бойынша жүйеленіп, жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «100 жаңа тұлға», «Туған жер», «Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі», «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» сияқты арнайы жобалар жүзеге асырылуда.
Мамандандырылған екі «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. «Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті» кафедрасы латын графикасын ілгерілетуде үлкен жұмыс атқарғанын айту керек. Мәселен, қазақ жазуын латын графикасына көшіру бойынша «Translit» компьютерлік бағдарламасы әзірленді және 2019 жылғы 13 ақпанда №17456 авторлық куәлігі алынды. Латын графикасына оқыту бойынша «Q-Lat» компьютерлік бағдарламасына авторлық куәлік алуды күтіп отырмыз.
«Сарыарқа өңірінің тарихи тұлғалары» фотоальбомы, «Қарағанды экономикалық университетінің спорттағы жетістіктері – Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы» суретті альбомы, «Аттың сыны» буклеті шықты. «Ұлытау-Жезді өңіріндегі ақындық дәстүр», «Латын графикасымен танысайық», «Кәсіби қазақ тілі» тәрізді монографиялар мен оқу құралдары жарық көрді.
«Рухани жаңғыру» кабинетінде қазақ жазуын латын графикасына көшіру бойынша әдістемелік оқыту семинарлары өткізіледі. Одан бөлек, бағдарламаны жүзеге асыру аясында конференциялар, көрмелер мен фестивальдер, телебағдарламалар ұйымдастырылып, ғылыми мақалалар жарияланады. Қазақстан қоғамындағы жаңғыру үдерістерін заманауи тұрғыда түйсінуге басым бағыт берілген 10 жарияланым шықты.
Университеттің оқу телевидениесі Ұлт ұясы – Ұлытаудағы қасиетті жерлер туралы баяндайтын «Ұлылықтың ұясы» фильмін жасап шығарғанына ерекше тоқталу керек. Қазіргі уақытта фильмді орыс және ағылшын тілдеріне аудару жұмыстары жүргізілуде.
2018 жылдың қазан айында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде университетіміздің базасында «Қоғам мүддесі үшін сандық технологиялар» – Хакатон «IT WEEKEND. KZ – 2018» ІТ-форумы өтті. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» жастар жобалық кеңсесі жыл сайын «Қазақстандық қоғамда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту» тақырыбында достық фестивалін өткізеді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Өңірлік сараптама кеңесінің төрағасы ретінде атқарылатын жұмыстарға да тоқталсаңыз…
– Өңірлік сараптама кеңестің негізгі міндеті – сараптамалық қауымдастық пен аймақтық жобалау кеңсесі арасындағы өзара байланысты жақсарту, сондай-ақ, Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жобалардың сапасын жақсарту бойынша ұсыныстарды талдау және қалыптастыру.
Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2017- 2022 жылдарға аудандық, қалалық және облыстық маңызы бар 479 түрлі жоба жоспарланған. Оған 16 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлу көзделсе, оның 10 млрд. теңгеге жуығы – демеушілер есебінен.
Сараптама кеңесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына сәйкес келетін жобалардың қатаң іріктелуін қадағалайды. Сонымен қатар, аймақтағы іс-шаралар жоспарын күшейту бойынша ұсыныстар да береміз, олардың қатарына «Сарыарқа кітапханасы», Мәди Бәпиұлы кесенелік кешенін құру сияқты жобалар бар.
Сараптама кеңесі білім беру процесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, елдің оқу орындарын оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету тұжырымдамасын қайта қарастыруда маңызы зор жобаларды енгізу мақсатына баса назар аударатынын айту керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.