Ерқара Аймағамбетов: «Референдум – әр азаматтың таңдауы, демократиялық құқығы
Қарағанды қаласындағы №5 референдум учаскесінде экономика ғылымының докторы, профессор және Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті ректоры Ерқара Аймағамбетов өз таңдауын жасады. Ерқара Балқараұлы ел өміріндегі маңызды саяси науқандарға азамат ретінде қатысуды әр адамның міндеті деп санайды. Оның айтуынша, референдум – халық пікір білдіретін маңызды демократиялық тетік.

– Мен облыстық сайлау комиссиясында 16 жыл төраға болып жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында үлкен тәжірибе жинақтадым. Жалпы 32 сайлау науқанын өткіздік. Оның ішінде Президент, Сенат, Парламент және Мәжіліс сайлаулары болды. Сондықтан мұндай саяси науқандардың маңызын жақсы түсінемін. Референдумға қатысып, өз таңдауыңды жасау – әр азаматтың азаматтық борышы деп ойлаймын, – деді ол.
Сондай-ақ ректордың айтуынша, бүгінде Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті базасында екі референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.
– Университетімізде екі учаске ашылған. Таңертеңнен бері халықтың белсенділігі жақсы. Студенттер, оқытушылар және қала тұрғындары келіп, дауыс беріп жатыр. Менің отбасым да бүгін келіп, азаматтық борышын өтеп, өз таңдауларын жасады, – деді Ерқара Аймағамбетов.
Айта кетейік, Қарағанды қаласындағы референдум учаскелерінде дауыс беру барысы қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ
Ortalyq.kz



