Ер адам мен екі бала тірідей өртеніп кете жаздады
Екі бала мен олардың әкесі өрт шыққан көліктің ішінде қамалып қалып, күйікпен Теміртау орталық ауруханасына жеткізілді. Оқиға Теміртау маңындағы Ақтау кентінде болған.

– Қысқа тұйықталу салдарынан өрт шыққан көліктің есіктері құлыпталып, әкесі мен балалары ішке қамалып қалған. Жан түршігерлік оқиғадан кейін Теміртау орталық ауруханасына 2020 және 2022 жылдары туған балалар күйікпен жеткізілді, – деді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Кейіннен балалар облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған. Олардың жағдайы ауыр. Екеуінің де беттері мен денелерін күйік шалған.
– Балалар дереу реанимация бөліміне орналастырылды. Күйік шалған беттеріне алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Инфузиялық және бактерияға қарсы терапия жүргізіледі, – деп хабарлады облыстық балалар ауруханасының мамандары.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.