Бас тақырып

Эпизоотиялық лимфангитке қарсы екпе

Естеріңізде болса, Бұқар жырау ауданына қарасты Төрткүл ауылының тұрғындары жылқылардың жаппай қырылып жатқанына алаңдап, дабыл қаққан еді. Облыстық әкімдік жағдайға қатысты түсініктеме беріп, аурудың алдын алуға жағдай жасайтындықтарын жеткізген еді. Індеттен мал басын жоғалтқан ауыл ағайынына өтемақы төленді. Мамандар бұл аурудың эпизоотиялық лимфангит екенін анықтаған болатын.

Сурет pets2.me

Созылмалы ауру терінің қабынуымен және лимфа тамырларының зақымдалуымен сипатталады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қарағанды облысында алғаш рет эпизоотиялық лимфангитке қарсы 200 бас жылқы егілді.

«Екпе – болашақта жылқылардың бұл аурумен ауырмайтындығының кепілі», – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.

Бұл аурудың шетелдік жылқылардан екені расталған-тын. Алайда, аурудың алдын алар екпенің тапшылығы мәселе тудырды. Десек те, Отар биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері отандық вакцина әзірледі. Жылқы десе, ішкен асын жерге қояр қазақ қоғамына бұл жаңалық жағары анық.

Ғалымдар қазір вакцинацияланған жануарларды бақылауға алды. Екпеден соңғы алғашқы нәтижелер қазан айында белгілі болады. Бұқар жырау ауданында екі жыл бойы эпизоотиялық лимфангит ауруы тіркеліп, осы уақыт аралығында ауыл тұрғындары 300-ден астам адалақы малынан айрылды. Үміткер ауылында 4 мыңдай жылқы бар. Жарты жылда бұл мекенде 125 ауру жылқы жойылды. Ал, қазір мамандар бес күн сайын жергілікті жылқы үйірлеріне клиникалық тексеру жүргізеді.

Ветеринариялық бақылау комитеті облыстық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаевтың айтуынша, әр өлген жылқыға шамамен 600 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді.

– Ақпан айынан бастап, Бұқар жырау ауданының жайылымдарын тексеріп жатырмыз. Ауруға шалдыққан 300 жылқы жойылды. Оның 280-нің құны өтелді. Енді, аурудың алдын алу мақсатында және жаңа вакцинаны сынау үшін екпе егіп жатырмыз. Отар ғылыми-зерттеу институты вакцинасы сынақ барысында, қазан айына дейін бақылау жұмыстары жүреді. Екпе жарамды деп табылған жағдайда елімізде жылқыға жаппай вакцинация басталады, – дейді Ержан Бекетбаев.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button