Эпидахуал алаңдатып тұр
Қарағанды облысында эпидемиялық ахуал тұрақты емес. Биылғы 1 қазаннан бері 117 мыңға жуық адам ЖРВИ-мен ауырған. Басым көпшілігі – балалар. Тіпті, осы эпидемиялық маусымда гонконг тұмауын жұқтырғандар жиілеген. Дегенмен, өткен аптадағы жағдаймен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауырғандар саны 30 пайызға азайған. Бұл туралы ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай жөнінде Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин айтып берді.

Жыл сайын өңірде 350-400 мыңға дейін вирус жұқтыру жағдайы тіркеледі.
– 113 адамда тұмау зертханалық түрде расталды. Оның ішінде, 112 адамда гонконг тұмауы А(H3N2) анықталса, 1 адам шошқа тұмауымен А(H1N1) тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ-мен ауырғандар саны 30%-ға азайды. Биыл тұмау вирустары былтырға қарағанда ертерек – қазан айының соңында басталып, өрши түсті. Қазіргі маусымда гонконг тұмауы А(H3N2) басым, – деді Юрий Залыгин.
Эпидмаусым басталғалы дәрігерлер 750-ден астам сынама алған. Оның 36%-ы тұмаудан басқа вирустар екені анықталды. Олар – риновирус – 40%, парагрипп – 23,5%, боковирус – 16%, аденовирус – 9,3%, РС-вирус – 1,5%, басқа да вирустар аталады.
Ал, балалар арасында да ауырғандар көп. Мәселен, 1 қазаннан 9 желтоқсанға дейін тұмау жұқтырған 13 358 оқушы тіркелген. Сырқаттану деңгейіне байланысты 13 мектептің 42 сыныбы онлайн оқуға көшті. Өткен аптада 22 мектептің 62 сыныбы онлайн форматта оқыды.
Әдетте, тұмаудың алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Бүгінде 176 мыңнан аса адам тұмауға қарсы екпе алған, оның 173 мыңы – жергілікті бюджет есебінен. Департамент басшысының айтуынша, вакцина қазіргі айналымда жүрген А(H3N2) тұмауынан да қорғайды.
Ал, тұрғындарды індеттен қорғау мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, медициналық ұйымдарда ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдарды кіреберістен-ақ тексеретін арнайы сүзгілер қойылды, температура мен тазалық режимі күшейтілді. Ауру көбейетін кезеңге дайындалу үшін қосымша инфекциялық төсек әзірленді, респираторлық белгісі бар науқастар бөлек қабылданады. Мектептерде күн сайын оқушылардың келуі мен ауру жағдайына мониторинг жүргізіледі, таңертең балалардың жағдайы тексеріліп, температура өлшенеді, дезинфекция шаралары сақталады.
Департамент мамандары облыс тұрғындарын ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу шараларын сақтауға шақырды.
Қарағанды облысында тұрғындардың қызылша ауруын жұқтыру жағдайына келсек, биыл 34 адам қызылшамен тіркелген.
– Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 67 есе аз. Ауырғандардың көбі – балалар, олардың 72%-ы вакцинацияланбаған. Оның түрлі себептері бар. Мәселен, екпе алуға жасы толмау, ата-аналардың қарсы болуы немесе медициналық шектеулер. Қызылша – ауа арқылы таралатын өте жұқпалы ауру екенін еске саламын. Вакцина алмаған адам науқаспен байланысса, 100% жұқтырады. Аурудың арнайы емі жоқ, ал ауыр түрінде энцефалит, пневмония, құлақ және тамақ қабынуы сияқты қауіпті асқыну аурулары туындауы мүмкін. Оның емі – тек вакцина алу, – деді Юрий Залыгин.
Балаларға қызылшаға қарсы екпе 1 жаста және 6 жаста жасалады. Қажет болғанда қосымша вакцинация да жүргізіледі.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»


