Энтеровирус елемегенді аямайды
Жазғы маусым – балалар үшін демалыс пен ойын-сауықтың уақыты. Алайда, дәл осы кезеңде энтеровирус сияқты түрлі жұқпалы аурулар да өршиді. Олар балалар арасында тез таралып, денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Энтеровирустар – асқазан-ішек жолы арқылы жұғатын вирустар тобы. Олардың ішіндегі ең танымалдарының бірі – Коксаки вирусы. Бұл вирус көбіне 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. Көп жағдайда ауру жеңіл өтеді, бірақ, кейде асқынып, медициналық көмек қажет болуы мүмкін.
Педиатрлар бұл вирустардың бірнеше ортақ белгілерін атап өтеді. Дене қызуы 38-39°С дейін көтеріледі, тамақтың ауруы, жұтынудың қиындауы, ауыздың ішінде кішкентай жаралар мен күлбіреулер пайда болуы мүмкін, алақан, табан, ауыз айналасы, кейде денеге қызғылт бөртпелер шығады. Іші өтіп, жүрек айнып, құсады. Бала әлсіз, ұйықтай береді, басы ауруы мүмкін. Бұлшық еттердің ауруы, кейде баланың жүргісі келмеуі мүмкін.
Суық тию мен менингит белгілері де байқалады. Ата-аналар осы жағдайларға назар аударуы тиіс. Кейде аталған белгілердің тек біреуі ғана болуы мүмкін. Соған қарамастан, дәрігерге жүгіну қажет. Ол баланың жағдайына байланысты медициналық кеңес береді.
Вирустардың негізгі таралу жолдары бар. Мәселен, лас қол немесе заттар арқылы (ойыншық, есік тұтқасы), жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы, қоғамдық орындардағы суда, жағажайларда, су бұрқақтарда. Сол себепті суға түскенде су жұтып қоймау керек.
Энтеровирусқа қарсы нақты вакцина немесе арнайы дәрі жоқ. Ем ауру белгілеріне байланысты берілетінін білген жөн.
Қызу болса, баланың салмағына қарай парацетамол немесе ибупрофен беру қажет, тамақ ауырса, жұмсақ, суық тағамдар жегені жөн. Балмұздақ жеуге де болады. Ол тамақтағы ауырсынуды басады. Сұйықтықты көбірек берген дұрыс. Ауыздағы жараларға тиіспеген абзал, ол уақыт өте өзі кетеді.
Педиатрлар энтеровирустың 10 аптаға дейін – нәжіспен, 30 күнге дейін тыныс жолдары арқылы жұғуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл энтеровирус түрі мен аурудың ауырлығына байланысты. Яғни, вирус ауырған адам ағзасында ұзақ сақталып, басқаларға жұғуы мүмкін.
– Вирус 10 аптаға дейін жұқпалы болуы мүмкін, сондықтан, карантин шараларының тиімділігі төмен. Британдық ұсынымдарға сәйкес, егер баланың жағдайы жақсарса, тіпті, денесінде бөртпенің іздері әлі болса да, ұжымға араластыра беруге болады. Ал, америкалық ұсынымдарға сәйкес, бала толық жазылып, бөртпе толығымен кеткенше күту ұсынылады. Қорыта айтқанда, вирустың ең жұқпалы уақыты – денеге бөртпе шығып жатқан кезі. Сондықтан, толық жазылғанша немесе жазылған соң 7 күн күткен дұрыс. Айналадағы адамдар үшін сол қауіпсіздеу, – дейді педиатр Айгерім Бауыржанқызы.
Маманның айтуынша, вирустың алдын алудың ең тиімді жолдары – баланың қолын жиі жуғызу, бөтелкедегі немесе қайнаған су ішкізу, жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуып жеу.
– Дене қызуы аяқ асты көтерілді және аяғынан бастап, бөртпелер шыға бастады, – дейді қала тұрғыны Назерке Жалелқызы. – Суық тиген бе, әлде тісі шығып жатыр ма, түсінбей қалдық. Емханада «энтеровирус» деді. Қызуы күн сайын бірнеше рет көтеріледі, дәрілермен түсіріп жүрдік. Ақыры инфекциялық ауруханаға бір апта жатып шықтық. Бөртпелері кетті, дене қызуы басылды. Бірақ, балам әлсіреп қалды.
Аймақтың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, энтеровирус тудыратын серозды менингит күдігімен 12 жағдай тіркелген.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»