Энергетиктер күні аталып өтті
Бүгін Абай ауданы Топар кентінің Мәдениет үйінде Энергетиктер күні аталып өтіп,облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев салтанатқа арнайы келіп қатысты.
Энергетиктерді кәсіби мерекесімен құттықтаған Ермағанбет Қабдулаұлы:
– Біздің ғасырымыз – жоғары технологиялар мен энергияның ғасыры. Соның ішінде күнделікті өмірімізде энергияның маңызы мен қажеттілігіне баға жетпейді. Жылу,жарық,электр энергиясы халық шаруашылығының барлық салаларының,ғылым мен білім салаларының жұмысы мен тіршілігін қамтамасыз етеді.Бұл орайда сіздердің еңбектеріңіз ересен, – деп осындағы “Қазақмыс Энерджи” ЖШС бір топ қызметкерлеріне ведомстволық марапаттар мен облыс әкімінің Құрмет грамоталарын және Алғыс хаттарын табыс етті.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің “Еңбек ардагері” медалі В.Долгуш,Л.Филатоваға беріліп,үшінші дәрежелі ” Еңбек даңқы” төсбелгісін В.Кочегуров,С.Острецов,”Еңбек сіңірген энергетик” төсбелгісін Д.Аллажар, Ю.Бойко, А.Драчало, С.Мозаль, В.Ярмошевич алды.
ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше адам марапатталып,облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты жоғарыдағы “Қазақмыс Энерджи” ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов бастаған бірқатар қызметкерге табысталды.
Өз кезегінде сөз алған осы кәсіпорынның бас директоры Темірлан Өтегенов те бірталай әріптестеріне “Қазақмыс Корпорациясы” ЖШС басшысының атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырды.
Мерекелік салтанатта осынау кәсіп иелерінің біразы Абай ауданы мен Топар кенті әкімдерінің,Қазақстан Электр энергиясы қауымдастығының,”Аманат”,тағы да басқа қоғамдық ұйымдардың марапаттарын иеленді.
Салтанатты кеште мерекеге жиналған жұртқа “Біз сіздерге жарық пен жылу сыйлаймыз” пролог фильмі көрсетіліп,жергілікті өнерпаздар би билеп,ән мен күйден шашу шашты.
Ержан Имаш,
Абай ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан.