Биыл облыстағы тарифтер 10 пайызға өсті
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге ерекше назар аударды. Осы мақсатта өткен жылдың желтоқсан айында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба бекітілді. Ұлттық жоба тозған инфрақұрылымды ауқымды жаңартуды көздейді. Осы жоба аясында жаңғырту жұмыстары «Қарағанды Су» ЖШС пилотты түрде қолға алынды. Келер жылы жылу, электр және су жүйесі қызметін жаңғырту басталады. Бұл жұмыстарға 2 млрд 400 млн теңге бөлінеді. Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Қымбат Бейсеновтің айтуынша, жобаның басты мақсаты – коммуналдық инфрақұрылымдағы апаттарды 20%-ға, тозу деңгейін 40%-ға азайту.

– Облыста жылумен жабдықтау желілері 66%-ға, электрмен жабдықтау желілері 65%-ға, сумен жабдықтау желілері 68%-ға тозып тұр. Ал, су бұру желілерінің орташа тозуы 80%-ды құрайды. Бұл зор экологиялық тәуекелдерді тудырады, сондай-ақ, елдімекендердің санитарлық жағдайына қауіп төндіреді. Тозуды төмендету және ағынды суларды тазарту сапасын жақсарту үшін жаңа нысандар салу немесе қолданыстағы кәріз тазарту құрылыстарын толық қайта құру қажет, – деді Қымбат Бейсенов.
Спикер ұлттық жоба аясында облыстың коммуналдық желілерін жөндеу үшін 100 млрд теңгеден астам қаражат инвестицияланатынын да атап өтті.
– Бұл қаражатқа 1199 шақырым коммуналдық желі жөнделеді. Оның ішінде, 54 млрд теңге 44 шақырым жылумен қамту желілеріне, 41 млрд теңге электр желілеріне (947 шақырым), сумен қамту желілерінің жөндеу жұмысына 18 млрд, су бұру желілеріне 59 млрд теңге бөлінді, – деді ол.
Ұлттық жобаның жедел және тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру, іске асырылуын үйлестіру, мониторингілеу мақсатында салалық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ, қаржы және техникалық операторлар қатыстырылады.
– Ұлттық жобаның техникалық операторы – «Қазцентр ТКШ» АҚ. Ол монополистердің өз міндеттемелерін тиісінше орындауын қамтамасыз ету, сондай-ақ, жұмыстардың орындалу барысын бақылау және мониторинг жүргізу функцияларын атқарады. Қаржылық оператор – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ. Оның құзыретіне тікелей және облигациялық қарыздар арқылы қаржыландыру, сондай-ақ, жобаларды субсидиялау бойынша өтінімдерді қарастыру кіреді. Мемлекеттік бағалы қағаздар механизмі инфрақұрылымды ынталандырудың тиімді тетігіне айналады. Осыған байланысты Қаржы министрлігі жалпы сомасы 22,5 млрд теңге болатын облигациялар шығаруға шешім қабылдады. Аталған сомадағы мемлекеттік бағалы қағаздарды «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ сатып алды. Қарыз қаражатын тарту бюджет шығындарын реттеуге мүмкіндік береді. Жүзеге асырыла бастаған он жобаның бірі Қарағанды облысында қолға алынды, – деп атап өтті департамент басшысы.
Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталатынын да айта кету керек. Мердігер ұлттық жоба шеңберінде жаңғырту немесе құрылыс шеңберінде салалық министрліктер келісімі бойынша құрылыс және өнеркәсіп саласындағы уәкілетті орган айқындаған электрондық платформада отандық тауар өндірушілердің тауарларын сатып алуды жүзеге асырады. Импорттық тауарға энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту шеңберінде пайдаланылатын өнімді сатып алуға электрондық платформада осы өнім түрлері болмаған жағдайда, не тауарларды жеткізуде отандық тауар өндірушілерден ұсыныстар болмаса ғана жол берілмек. Яғни, отандық тауар өндірушілердің тауарларын қолдау импортқа деген тәуекелділікті төмендетіп қана қоймай, қосымша жұмыс көздерін ашуға себеп болады. Қымбат Серікұлы жоба аясында нақты қанша жұмыс орны ашылатыны келер жылы белгілі болатынын жеткізді.
Биыл тұрғындар үшін жалпы тарифтер орташа есеппен 10%-ға өсті. Оның ішінде, сумен қамту 15%-ға, су бұру, газбен және жылумен қамту 10%-ға өсті. Электрмен қамту тарифті өзгерген жоқ. Спикер тарифтердің өсуіне «Тарифтерді инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, сала мамандарының еңбекақысын өсіру, бірқатар стратегиялық тауарлар құнының қымбаттауы әсер еткенін тілге тиек етті.
Десе де, әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдіктер қарастырылған.
– Тарифтік жүктемені жеңілдету мақсатында коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған тұрғын үй көмегін көрсету механизмі арқылы қолдау көрсетіледі. Бұл аз қамтылған азаматтарға олардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Шығындардың шекті рұқсат етілген деңгейі 5-10%-ға төмендетілді, – деді Қымбат Бейсенов.
Бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын, тұрғын үй көмегін көрсету процесінің ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ететін заманауи цифрлық шешімдер енгізіледі. Қымбат Серікұлы «SMART TURMYS» ақпараттық жүйесі енгізілетінін айтты.
– Ұлттық жобаны іске асыру үдерісінің барлығы цифрландырылып, автоматтандырылады. Атап айтқанда, «SMART TURMYS» ақпараттық жүйесі қосылады. Қазіргі уақытта ұлттық жобаның ресми веб-сайты (modernization.kz) іске қосылды, кеңес алу үшін байланыс орталығы құрылды, барлық қатысушыларға арналған нұсқаулық әзірленді. Электрондық сатып алудың бірыңғай порталы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, тариф реттеушісі «Монополист» базасымен интеграция жұмыстары жүргізілуде. Осы қабылданып жатқан шаралар құжаттарды қалыптастырудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі бүкіл үдерістің ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді спикер.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»