Ресми

Энергетикалық тәуелсіздіктің кепілі

Мамандар елімізде АЭС салу – электр энергиясының тапшылығын жоятынын айтады. Десе де, халқтың көңілі алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені ескере отырып, өз Жолдауында АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге шешім қабылдады. Яғни, таңдауды халықтың еркіне салды. Халыққа АЭС жайлы ақпар беру мақсатында елде АЭС-ті салуды қолдау жөніндегі арнайы штаб құрылған болатын. Күні кеше аймаққа үш топтан құралған штаб мүшелері келіп, халықпен кездесіп қайтты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Аталған штабтың бір тобын Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов бастап келді. Олар әуелі Қарағанды жоғарғы техникалық колледжінде экологтармен кездесті. Кездесу барысында сала мамандарымен атом энергетикасының даму перспективаларын талқылады. Және АЭС салынғаннен кейінгі жағдайда қоғамда қандай өзгеріс болатыны жөнінде ашып айтып, көптің талқысына салды. Әуелі Асхат Қанатұлы референдумның маңыздылығы және түсіндіру жұмыстарының өзекітілігін баса айтты.

– Қарағанды облысы – Қазақстандағы көшбасшы орынға ие қуатты индустриялық орталық. Ірі өнеркәсіптік өңір. Мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешімдер халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып, қабылданады. Бұл – Президентіміздің саясатының өзгермес қағидасы. Яғни, біздің қоғамда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып жатқанын аңғартады. Біз әрбір қадамды нақтылап, реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз. Басты мақсат – әрбір азамат, әрбір отбасы реформалардың игілігін сезінуі. Референдум – әр азаматтың өз елінің болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Энергетика дамымай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес. Бұл – жаңа кәсіпорындардың ашылуының, жаңа жұмыс орындарының құрылуының және экономикалық өсудің басты факторы, – деді ол.

Сала мамандарынан артық электр энергиясының тапшылығын жақсы білетін жан жоқ. Сол себепті штаб мүшелері кездесуді экологтардан бастағанды жөн көрген. Кездесу барысында мамандар электр энергиясының тапшылығы жайында сөз қозғады. Жалпы, электр энергиясының тапшылығы жаңа технология, өндіріс орындары, медицина және әлеуметтік сала сынды маңызды тетіктердің дамуына кедергі келтіретіні айдан анық. Ал, ондай жағдайда бизнеске инвестор тартуға да болмайды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде елге жетпеген электр қуаты Қырғызстан мен Ресей елінен алынуда. Соның салдарынан бертін келе ашылған кейбір зауыттар тұрақты қуат көзі болмағандықтан, дами алмай отырғандығын айтты.

Ал, ядролық физика институты директорының орынбасары Евгений Ермаков АЭС-тің Қазақстанға танысық еместігін айтады. Себебі, «Алматыдағы ядролық физика институтында атомдық зерттеу реакторы өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері медицинаға қажетті радиоизотоптар шығарып келеді. Ал, ол обырға шалдыққан мыңдаған адамды емдеп, тексеруге қолданылады» дейді. Әрі атом станциясы үздіксіз электр қуатын шығарып қана қоймай, қауіпсіз әрі экологиялық тұрғыда таза болады деп түсіндірді.

– Атом энергетикасын дамыту осы салада дамуға жол ашады. Біз жаңа, басқа да дәрі-дәрмек шығаруға мүмкіндік береді. Жылына үш мың адамға диагностика жасап, емдеуге күшіміз жетіп отыр. Бұл – үлкен жетістік.

Қарағанды экологиясы нашар өңірлердің бірі болғандықтан жергілікті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері атом энергетикасын дамытуды құптап отыр. Оның үстіне жоспарлы станция ең жаңа үлгіде салынады, – деді Евгений Леонидович.

Дегенмен, елдің көңілі алаң. Сондықтан, сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері халыққа нақты әрі объективті ақпарат беру үшін жұртпен кездесуде.

Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, ғалым Бекболат Нүсіпбеков «АЭС – қазақстанға таңсық емес» дейді.

– 1973-1999 жылдар аралығында Маңғыстауда «Маңғышылақ» атом энергетикалық комбинаты жұмыс істеді. 1998-1999 жылы диссертациялық жұмыс барысында  сол комбинатта біраз еңбек еттім. Бір сөзбен айтқанда, АЭС-тің ішкі құбылысымен толық таныспын деп айта аламын. Қазіргі біздің ұсынып отырған дүние – су-сулы энергетикалық реакторлар. Ол дегеніңіз, екі контурдан тұрады. Бірінші контурында реактивтік отын жұмыс істейді. Отын арқылы суды қыздыра отырып үлкен көлемдегі қыздырылан буды аламыз. Ал, екінші контуры турбинаның бойында орналасқан генераторды айналдырады. Бұл, сәйкесінше – электр энергиясы.

1979 жылы Америкада алғаш рет АЭС-тің апаты тіркелді. Одан кейін 1986 жылы Украинадағы Чернобль АЭС-інде, 2011 жылы Жапонияда қатты жер сілкінісінің салдарынан Фокусима-1 АЭС-інде ірі апат орын алды. Көпшілік соңғы Жапонияда болған апаттан үрейленіп қалған. Неге? Жапондар судың жанында орналасқан станцияны цунамиден қорғау үшін биіктігі 10 метрге жуық қорған салған. Алайда, сол жылы болған цунамидің биіктігі 14 метрге жетіп, станцияны толық басып қалды. Бірақ, ол жерден радиоактивті заттар бөлініп шыққан жоқ. Бүгінде әлі жұмысын тоқтатпады. Яғни, ешқандай денсаулыққа зияны жоқ, – деді Бекболат Рақышұлы.

Сонымен қатар, Бекболат Рақышұлы АЭС-тің бұрынғы емес, жаңартылған, жетілдірген нұсқасы екенін де айтты.

– Дүние жүзінде атом станциялары көп –  Франция, Америка, Жапония елі. Оларда алғашқы станциялардың құрылысы 1954 жылдардан басталып, әлі күнге дейін істеп келеді. Яғни, бұның бәрі алғашқы кезеңнің станциялары. Екінші кезең түрлі апаттың орын алғаны жасырын емес Ал, бізге ұсыныс жасап отырған станция – «үшінші буын (поколение) плюс» деп аталады. Ол – таза әрі адамның әсерінсіз автономды түрде жұмыс істейтін станция. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ, – дейді.

P.S. Штаб мүшелері экологтармен кездескеннен кейін аймақтың зиялы қауым өкілдерімен «Достық» үйінде кездесті. Одан кейін студенттермен кездесу үшін Қарағанды зерттеу университетіне, «KamaTyresKZ» ЖШС және «QazТehna» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу үшін Саран қаласына барып қайтты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button