Энергетикалық сусын сергектік сыйлай ма?
Бүгінде шөлдегеннің бәрі дүкеннен су емес, энергетикалық сусын алатын болған. Көшеге шықсаңыз, кез келгеннің қолынан көресіз. Жарнамасы жер жарып, еркін сатылуда. Алайда, сол сусынның денсаулыққа зиянын білсек те, тұтынуды қояр емеспіз.
Ашық деректерге сүйенсек, мұндай сусындарды әлемнің 170-тен астам мемлекеті тұтынатын көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сусынның құрамындағы зиянды қоспаларының барын да жоққа шығармаған. Ал, соны біле тұра дүкен сөрелерін босатып жүргендердің дені – жастар.
«Энергетик – эн ергия қоздырушысы ғана»
Қазіргі таңда gorilla, flаsh, dizzy, red bul, monster – көп тараған энергетикалық сусындардың қатарында. «Шөлдесек – шөлді басады, ұйқы келсе – сергітеді» деген сылтаумен күніне бір қалбырын ішетініміз өтірік емес. Әрі оған қалай тәуелді болып қалғанын кейбірі байқамай да қалады.
Энергетикалық сусындардың құрамында кофеин басым. Ал, кейбірінде дәрумендер мен көмірсулар көп. Бұрын адам өзін сергіту үшін бір шынаяқ кофе ішетін еді. Қазір кофе емес, осы сусындарды тұтынып жүр. Кофенің әсері адам бойында 1-2 сағат сақталса, энергетикалық сусын 2 есе көп тұрады. Газдалған сусындардың кофеден артықшылығы тек осы ғана.
Мамандар энергетикалық сусынды күніне 2 құтыдан көп пайдаланбауды ұсынады. Егер мөлшерден көп ішсе, қан қысымы немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Тағы бір айта кететіні, сусынның құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Сондықтан, жүрек ауруына шалдыққан, гипертониямен ауыратын жандарға сусынды ішуге мамандар түбегейлі қарсы.
– Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген бос сөз. Сусында ешқандай энергия жоқ. Тек энергия қоздырушысы ғана. Түсінікті етіп айтсам, бойымыздағы энергия қорын өзіміз пайдаланамыз. Яғни, энергияны өзімізден қарызға ала тұру деген сөз. Ал, сол қарызды бүгін болмаса да ертең қайтаратыныңызды ойлағаныңыз абзал. Күн өте ұйқының бұзылуына, жүйкенің тозуына әкеліп соғады. Адам кофеинге тез әуестенеді. Соның салдарынан уақыт өте сусынға тәуелді болып қалады, – дейді Қарағанды қалалық №1 көпбейінді аурухананың невропатолог дәрігері Сұлтан Абылбеков.
«Энергетикалық сусындарды мүлде ішпеймін»
Энергетикалық сусындардың жас ағза үшін зиянды екені жазылып та, айтылып та келеді. Бірақ, құлақ асқан кім бар?! Аталмыш сусындардың құрамында В дәрумені мөлшерден көп болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне әкеледі.
– Осыдан үш жыл бұрын шағын жиһаз жасау цехын аштым. Жұмыстың қызған шағы. Тапсырыс берушілердің қатары артты. Ал, маған күн-түн демей, жұмыс істеу керек. Сөйтіп, ұйқыны қысқарттым. Түске дейін сергек жүргеніммен, түс ауа ұйқы қысатын. Содан шаршағанымды басу үшін энергетикалық сусынды іше бастадым. Тіпті, күніне 4 қалбырды қалай тауысқанымды білмей қалатынмын. Ақыр соңында жүрек талмасымен ауруханаға түстім. Қазір жағдайым жақсы. Энергетикалық сусынды енді мүлде ішпеймін, – дейді Балқаш қаласында тұратын Манас есімді азамат.
Мамандар жаттығудан кейін әл жинау үшін энергетиктерді ішуге үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Себебі, жаттығу барысында адам ағзасы көп сұйықтық жоғалтады. Сондай-ақ, сусындарды ішімдікпен қатар ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтерсе, ішімдік әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде, гипертониялық кризге шалдығуыңыз әбден мүмкін.
– Өз басым энергетикалық сусындарды жиі ішемін. Жұмысым шығармашылықпен байланысты болғандықтан, кей уақытта түнімен жұмыс істеймін. Сонда ұйқымды ашып, сергу үшін жұмыс алдында тұтынамын. Организмде соған үйреніп алған секілді. Ішіп алсам, кәдімгідей бойым сергіп қалады. Денсаулыққа зиянын жақсы білемін. Бірақ, мөлшерден көп ішкен емеспін, – дейді Сағыныш есімді Қарағанды қаласының тұрғыны. Ал, бұған Сұлтан Абылбеков: «Энергетикалық сусынды тұтынатындардың басым бөлігі – жастар. Дегенмен, адам өмірінде энергетикалық сусынға жүгінуге тура келетін сәттер болып тұрады. Мұндай жағдайда күнделікті нормасынан артық ішпеу керек. Осыны қаперде ұстаған жөн», – деп пікір білдірді.
Түйін
Шетелдік мамандар энергетикалық сусындар қорқыныш, ұйқысыздық, үрей, ашушаңдыққа әкеліп, жүрек қағысының жиілеуі секілді дерттің тууына себеп болатынын ашық айтқан. Тіпті, құрамында есірткі заттары бар деген болжам жасаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да жастардың мұндай сусындарды жиі тұтынатынын айтып, балаларға сатуға тыйым салды. Ал, Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері 2013 жылдың 19 тамызында «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулы бекіткен. Қаулыда «орта және арнаулы орта білім беретін мекемелерде, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын орындарда, мәдени-көпшілік шараларда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады» – деп анық көрсетілген. Ал, қазір сол қаулы қайда?..
250 мл ғана болатын кішкене ғана құты толы сусынның бағасы да – арзан емес. Қалтаңыздан соғады. Денім сау болсын десеңіз, энергетикалық сусыннан бас тартқан абзал. Бойға күш те, қуат та беретін мұндай сусындар емес – қара су. Сондықтан, қара судың қадірін білейік.
Ербол ЕРБОЛАТ.