Бас тақырып

Энергетикадағы ерен өзгерістер

Қарағанды облысында электр желілерін кешенді жаңғырту бағдарламасын іске асыру жаңа қарқынмен жалғасуда. Бұл стратегиялық маңызды жоба өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға бағытталды. Байыпты бағдарлама аясында тозығы жеткен электр беру желілері мен трансформаторлық қосалқы станциялар кезең-кезеңімен қайта салынып, заманауи стандарттарға сай жаңартылуға бет алды. Сонымен қатар, жаңа энергетикалық нысандардың құрылысы да қолға алынған. Энергетика саласындағы атаулы ауқымды өзгерістер тұрғындар мен кәсіпорындарды электр қуатымен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мол мүмкіндік ұсынады. Қазіргі заманғы технологияларды енгізу арқылы энергия тиімділігі артып, апаттық жағдайлар кемиді. Жиынтықтайық.

Суреттер автордан

Жаңғырту арқылы жарқын болашаққа

Мамандардың айтуынша, электр желілерінің тозуы соңғы жылдары өңірдегі негізгі мәселелердің бірі болып келген. Осыған орай, қолға алынған жаңғырту жұмыстары облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға да даңғыл жол ашады. Өйткені, тұрақты әрі сапалы электрмен жабдықтау – инвестициялық тартымдылықтың негізгі көрсеткіштерінен. Жойқын жоба аймақ тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, сондай-ақ, өңір экономикасын тұрақты дамытуға сүбелі үлесін қосады. Электр энергетикасы – өнеркәсіп пен әлеуметтік инфрақұрылымның тірегі, сондықтан, сантарапты саладағы жүйелі өзгерістер қазыналы Қарағандының болашақ дамуы үшін аса маңызды.

– Қарағанды облысында электр желілері жаңғыртылуда. Атап айтсақ, Финский және Екінші рудник кенттері енді ақжалын жарықпен тұрақты негізде қамтылады. Мәселен, 2024-2025 жылдарға арналған электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыру бағдарламасы аясында облыс орталығының құрамына кіретін Финский және Екінші рудник кенттерінде электр желілерін кешенді түрде қайта салу жұмыстары басталды. Жүйелі жұмыстар ескірген 0,4-6 кВ кернеудегі электр желілерін қазіргі заман талаптарына сай жаңарту әрі тұрғындарды тұрақты, сапалы энергиямен қамтуды көздейді. Атап айтқанда, «Пришахтинская» қосалқы станциясының №12 фидеріндегі 6 кВ кернеулі ауа желілері жаңартылуда. Жоба аясында ескі сым желілері толықтай ауыстырылады. Оқшауланбаған сымдар орнына заманауи, қауіпсіздігі жоғары «СИП-3» маркалы оқшауланған сымдар жалғанады. Байсалды бағыттағы желі ұзындығы – 9,58 шақырым. Сонымен қатар, 0,4 кВ сымды ауа желілері де толық жаңартылуда. Мысалы, бұрыннан пайдаланып жүргені ауыстырылып, желілердің жүктемесі қайта есептеліп, оңтайландырылады. Оқшауланбаған сымдар орнына қазіргі заманғы «СИП-5» маркалы оқшауланған сымдар тартылуда. Аталған желілердің жалпы ұзындығы – 29,2 шақырым, – деп хабарлады «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Константин Конради.

Энергетиктер осындай жаңғырту жұмыстары аймақ тұрғындары үшін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып қана қоймай, апаттық жағдайлар санын азайтуға, техникалық шығындарды төмендетуге және энергия үнемдеу көрсеткіштерін жақсартуға игі ықпал етеді деп отыр. Айтулы ауқымды шаралар өңірдегі өмір сүру сапасын арттырып, кәсіпкерлік пен өндіріс үшін де қолайлы жағдай қалыптастырады.

Жаңа кезең жарасымы

Энергетикалық тиімділікті арттыру басты мақсат. Қарағанды облысында электр желілерін жаңғырту бойынша жұмыстардың ауқымы кеңеймесе, кемімеді. Осы қатарда трансформаторлық қосалқы станцияларды және жаңартылған трансформаторлық қосалқы станцияларды техникалық жағынан жаңарту жұмыстары да бар. Кешенді шаралар өңірдің электрмен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттырып, тұрғындар мен кәсіпорындарды сенімді және тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстар аясында ескірген нысандардағы герметикалық атқарылған жиынтық трансформаторлық қосалқы станцияларымен алмастырылмақ. Мұндай жаңғырту энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттырып, электр энергиясының жоғалуын азайтуға, сондай-ақ, техникалық ақаулардың алдын алуға септігін тигізеді. Одан бөлек, күштік трансформаторлар жаңартылып, олар энергия үнемдеуге бағытталған «ТМГ» маркалы трансформаторларымен ауыстырылады. Мұндағы басты мақсат – электр энергиясының тиімділігі және қуат шығындарын азайту.

Жобаның тағы бір маңызды кезеңі – жаңа гибридті жанама трансформаторлық қосалқы станцияны монтаждау. Қосалқы станциялар желілердің жүктемесін төмендетіп, электр қуатын таратуды жақсартады. Мұндай жаңашылдықтар электр энергиясын тұтынудың тиімділігін арттыру және мүмкін болатын апаттық жағдайларды болдырмау үшін маңызды. Қосымша тиімділік ретінде жаңғыртылған қосалқы станциялар 910 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Нәтижесінде тұтынушылардың электр қуатына қатысты сұранысы толық қанағаттандырылады, ал, энергия шығыны мен жүйе жұмысындағы ақаулар едәуір азаяды. Жаңғырту шаралары өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес жаңартып, тұтынушыларына жоғары сапалы және тұрақты электрмен жабдықтау қызметін ұсынуға жол ашады.

2024-2025 жылдары Жаңа өзен кентінде энергетикалық инфрақұрылым жаңартылады. Электр желілерін қайта салу және трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Кентте 2024-2025 жылдар аралығында ауқымды энергетикалық жаңғырту жұмыстарын бастайды. Жоспарланған іс-шаралар аясында электр желілерінің жаңартылуы мен трансформаторлық қосалқы станциялардың заманауи үлгілеріне ауыстырылуы көзделген. Осы шаралар кенттің энергетикалық қауіпсіздігін, электрмен жабдықтаудың сенімділігін және тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартпақ. Негізгі жаңғырту жұмыстары «Узенка» ҚС №3 және №4 фидерлерінің 10кВ ауа желілерін қайта салумен басталады. Бұл бағытта жүзеге асырылатын шаралар ескі сымдарды ауыстыру, тозығы жеткен оқшауланбаған сымдарды заманауи оқшауланған «СИП-3» сымдарымен алмастыру амалдары шеңберінде өрбиді. Жаңғырту жобасының жалпы ұзындығы – 4,7 шақырым. Сонымен қатар, 0,4кВ кернеудегі электр желілері қайта салынып, оқшауланбаған сымдар заманауи оқшауланған «СИП-5» сымдарымен алмастырылады. Жалпы ұзындығы – 15,166 шақырым. Түп нәтижесінде, желілердің жүктемесі төмендейді. Қуатты тиімді таратуды қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасады. Кенттің энергетикалық жүйесін жаңартудағы маңызды қадамдардың бірі – трансформаторлық қосалқы станцияларды техникалық жағынан жаңғырту. Мәселен, ескірген қосалқы станциялар заманауи герметикалық жиынтық трансформаторлық қосалқы станцияларға ауыстырылады. Энергиялық тиімді жаңа буын ТМГ трансформаторлары орнатылады. Желілердің жүктемесін тиімді басқару жүзеге асырылады. Аталған жаңартулар кент тұрғындарының және кәсіпорындарының үздіксіз және сапалы электрмен жабдықталуын қамтамасыз етпек.

Инфрақұрылым игілігінің ізашары

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде, кент пен оның маңындағы елдімекендерде электр энергиясының сапасы, тұрақтылығы айтарлықтай жақсарады. Жоба аясында жүзеге асырылатын шаралар өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын күшейтеді. Өндірістік және тұрмыстық тұтынушылар үшін электр қуатын үнемді әрі сенімді түрде таратуға жол ашады. Барлық тұтынушылардың электр энергиясын есепке алу аспаптары толық ауыстырылды, бұл тұтынудың нақты есебін қамтамасыз етуге және шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Осы жұмыстардың бір бөлігі – 1949 жылы пайдалануға берілген 110/35/6 кВ «Қарағанды» қосалқы станциясының қайта салынуы. Жоталы жоба Қарағандының электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырып, өңірдің экономикасына қолдау көрсетуді мақсат етеді. 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жобаның басты міндеті – ескі, тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңартып, өңірдегі энергетикалық тұрақтылықты арттыру. Қосалқы станцияның барлық негізгі элементтері жаңартылу үстінде. 110 және 35 кВ ашық тарату құрылғылары толық жаңартылып, қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықтармен ауыстырылуда. Бұл жаңартулар электр желілерінің жұмысын тұрақты әрі қауіпсіз етеді, сондай-ақ, энергия тұтынудың тиімділігін арттырады. 6 кВ жабық тарату құрылғылары бар жаңа ғимараттары салынуда. Жаңғыртылған ғимараттар заманауи техникалық шешімдермен жабдықталып, қосалқы станцияның жұмыс тиімділігін арттырады және күту мерзімін қысқартады. Заманауи трансформаторлар орнатылуда. Бұл жаңартулар трансформаторлардың өнімділігін арттырып, электр энергиясының сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Жобаның маңызына келсек, Қарағанды қаласының энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту облыс экономикасының дамуына, өнеркәсіптің кеңеюіне және жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуына жол ашады. Осылайша, қайта салынған «Қарағанды» қосалқы станциясы электрмен жабдықтау сенімділігін арттырады. Қосалқы станцияның жаңартылуы электр энергиясын үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізуді қамтамасыз етеді, сонымен қатар жүйедегі ақаулар санын азайтады.

Өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуды қолдайды. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік секторына, соның ішінде, жаңа өндірістер мен кәсіпорындардың ашылуына қолайлы жағдай жасайды. Сенімді энергиямен жабдықтау – инвестиция тартудың және жаңа өндірістердің пайда болуының басты шарты. Жаңа объектілерді қосуға жағдайлар жасайды. Қосалқы станцияның жаңартылуы өндірістік нысандарды электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді, бұл – Қарағанды мен облыс экономикасына қосымша күш-қуат. Энергиямен жабдықтау сапасы мен тұрақтылығын жақсартады. Трансформаторлардың заманауи түрлері мен жаңа жабдықтар арқылы электр қуатының сапасы жақсарып, оны тұтынушыларға тұрақты әрі сенімді түрде жеткізу қамтамасыз етіледі. Қарағандының 110/35/6 кВ «Қарағанды» қосалқы станциясын қайта салу жобасы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, облыс тұрғындары мен кәсіпорындарына электрмен жабдықтау сапасын арттыруға ықпал етеді. Жаңғырту жұмыстары Қарағанды қаласының дамуы мен аймақтық инфрақұрылымның болашағы үшін зор маңызға ие.

Энергетикалық қауіпсіздік іргетасы

Қарағанды облысында жаңа қосалқы станция салынуда: 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясы өңірдің тұрақты электрмен жабдықтауын қамтамасыз етеді. Жаңа қосалқы станцияның құрылысы аймақтағы электрмен жабдықтау мәселелерін тиімді шешуге ықпал етеді. Жобаның негізгі компоненттеріне келсек, 10 кВ жабық тарату құрылғылары орнатылды, бұл электр желілерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 110 кВ ашық тарату құрылғылары және 35 кВ ашық тарату құрылғылары қосалқы станцияда орнатылып, қуатты тарату мен электр энергиясын басқарудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Қосалқы станцияның құрылыс жұмыстары толық аяқталуға жақын, ал, қазіргі уақытта пайдалануға беру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нысан аймақтағы тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ, тұрғын үй құрылысының және инфрақұрылымдық жобалардың қарқынды дамуымен байланысты сұранысты қанағаттандырмақ. Жаңа қосалқы станция салу Қарағанды облысының энергетикалық жүйесінің дамуына маңызды үлес қосады. Атап айтқанда, тұрақты электрмен жабдықтау. Қосалқы станция жаңа аудандар мен тұрғын үйлерді үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе белсенді тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыс кезеңінде өте маңызды. Жаңа станция аймақтың энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып, апаттық жағдайлар мен қуат тапшылығының алдын алады.

Қосалқы станцияның құрылуы кәсіпорындарға, жаңа өндірістер мен бизнес жобаларға қажетті қуатты қамтамасыз ете отырып, өңір экономикасының дамуына ықпал етеді. Жоба облыстың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, өңірдің тұрақты дамуына серпін береді.

Федоров аумағында жаңа 110/6 кВ қосалқы станциясы салынады. Қолданыстағы 110/6 кВ «Федоров» қосалқы станциясының қайта салу жұмыстары қиындықтар туындағандықтан, оның орнына жаңа қосалқы станция құрылатын болады. Жобаның жүзеге асырылуы аталған аумақ айналасындағы инфрақұрылымның тиімді дамуына және тұрғындар мен кәсіпорындарды сенімді электрмен жабдықтауға негіз қалайды. Жоба бірнеше кезеңге бөлініп жүзеге асырылатын болады. 2024-2025 жылдар аралығында 6 кВ жабық тарату құрылғылары орнатылады. Атаулы кезеңде электр желілерін тиімді басқару үшін қажетті жабдықтар мен құрылғылар іске қосылады.

2025-026 жылдар аралығында 110 кВ ашық тарату құрылғылары орнатылып, жаңа қосалқы станцияның толық қуатпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Жаңа қосалқы станцияның құрылысы кезінде қазіргі инфрақұрылымға қажетті барлық талаптар ескеріледі. Жобаның жүзеге асуы Федоров аумағында тұрақты және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуді көздейді. Жаңа қосалқы станцияның құрылуы өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, оның даму әлеуетіне де жол ашады.

Электр желілік кешенді жаңғырту бағдарламасы сенімділікті, энергиялық тиімділікті және қауіпсіздікті арттыру бойынша негізгі міндеттерді шешуге септеседі. Тұрғындар үшін бұл жайлылықты, тоқтаусыз тұрақты электр энергиясын беруді білдіреді және бизнес үшін жаңа нысандарды дамытуға, қосуға көбірек мүмкіндіктер береді.

– Электр желілерін жаңғырту жұмыстарының аймақтағы тұрғындардың өмір сапасын арттыруда үлкен рөл атқаратынын көріп отырмын. Соңғы жылдары өңірдегі электрмен жабдықтаудың сапасы айтарлықтай жақсарды. Бұрын кейде жарық өшіп, тұрақтылық мәселесі туындайтын еді, бірақ, қазіргі уақытта бұл жағдайлар айтарлықтай азайып, электр энергиясының үзіліссіз жеткізілуі қамтамасыз етілуде. Қосалқы станциялардың жаңартылуы мен жаңа жобалардың іске қосылуы біздің күнделікті өмірімізге айтарлықтай оң әсер етіп жатыр. Мысалы, жаңа станцияның ашылуы Қарағанды қаласында және оның маңындағы елдімекендерде жарықтың тұрақты және сапалы болуына кепілдік береді. Біз тек тұрғындар ретінде ғана емес, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен бизнес иелері ретінде де мұндай өзгерістердің маңыздылығын жақсы түсінеміз. Жақсартылған электрмен жабдықтау жаңа өндірістердің ашылуына, жаңа бизнес жобаларының іске қосылуына үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық таза әрі энергия үнемдейтін технологияларды енгізу өңірдің болашағы үшін өте маңызды. Мен атаулы жаңғырту жұмыстарының облысымыздың энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, өңіріміздің экономикалық дамуына қосымша серпін беретіндігіне сенімдімін. Жұмысшылар мен мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігі үшін алғыс айтамын, – дейді қала тұрғыны Қанат Ахметов.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button