Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов облыстың жылыту маусымына дайындығын тексерді
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің негізгі энергетикалық нысандарының 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық деңгейін тексерді.

Министрдің айтуынша, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, алдағы қысқы маусымға дайындық енді тек қағаз жүзіндегі есептермен шектелмей, нысандарға тікелей барып, нақты жұмыстардың барысын көзбен көру арқылы бағаланады.
Топар мемлекеттік аудандық электр станциясында (ГРЭС) болған кезде министр турбоагрегатты ауыстыру жұмыстарының соңғы кезеңімен танысты. Жаңа жабдықты іске қосу 2025 жылдың тамыз айына жоспарланған және ол өңірдегі жылумен қамту жүйесінің сенімділігін едәуір арттырмақ. Сондай-ақ станция аумағында жаңа күл-қож сақтау алаңының құрылысы қарқын алған. Ал Топар кентінде станция қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үйлер салу көзделіп отыр.
– Көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелердің бар екенін білеміз. Алайда қазір біз нақты нәтижелерге куә болып отырмыз. Топар ГРЭС-інде жоғары қуатты жаңа турбина іске қосылады. Қармет ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын. Шахтинск ЖЭО қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі – берілген нақты тапсырмалардың іс жүзінде орындалып жатқанының айғағы, – деді Ерлан Ақкенжанов.
Сапар барысында қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Топар ГРЭС-ін жөндеу және жаңғырту мақсатында 2025–2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 34,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, облыстың жылу желілерін жаңғыртуға биыл 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Министр нысандағы жұмысшылармен де тілдесіп, өндірістік үдерістердің ұйымдастырылуымен танысты.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА