Энергетика мен экологияның ортақ шешімі
Атом энергиясы әлемде үздіксіз энергия өндірудің ең тиімді көзі ретінде мойындалған. Себебі АЭС генерацияның барлық түрінің ішінде көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады.
Сонымен қатар елдегі электр энергиясын тұтынудың артуына жəне декарбонизацияға көшуге байланысты жақын арада энергетикалық дағдарыс орын алатынын, жаңартылатын энергия көздерін, жел жəне күн стансаларын дамытумен қатар атом энергетикасын жетілдіру қажеттігін ескерген жөн. Дамыған елдердің бірқатары атом энергиясын пайдаланады. Қазақстанның атом энергетикасы саласын дамыту жəне осы бағытта басқа елдермен ынтымақтастықты дамытуға жол ашпақ. Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркəсіп» уран өнімін Еуроодақ елдеріне, Қытай, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада сияқты мемлекеттерге экспорттайды.
Біз еліміздің энергетикалық ахуалын бүгіннен ойлауымыз керек. Энергия өндіруші кәсіпорындардың 60 пайыздан астамы көмірді негізгі отын ретінде пайдаланады. Жарты ғасырдан аса жұмыс істеп келе жатқан электр станциялары әбден ескірген. Ғалымдардың болжауынша, енді бір он-он бес жылдан кейін елімізде электр энергиясының тапшылығы айқын сезіле бастайтын көрінеді. Кеңес дəуірінде салынған жылу-электр станцияларында орын алып жатқан апаттар электр энергиясын өндірудің қазіргі көздеріне деген сенімімізді азайтып отырғаны рас. Көмір жағудан экологияға, халықтың денсаулығына келіп жатқан залал да орасан. Қазірдің өзінде халықаралық рейтинг бойынша Қазақстанның экологиялық көрсеткіші 180 елдің арасында 93-орында болса, ауаның ластануы бойынша 115-орында екен. Ал атом энергиясы бүкіл əлемде бейбіт жəне таза энергия көзі ретінде танылып отыр. Елімізде ең алдымен экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мəселесін шешу керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл мәселені референдум арқылы халықпен ақылдасу жолымен шешу қажеттігін айтты. Расында да, қазір атом энергетикасын дамыту ерекше маңызды экономикалық және саяси аспектіге айналды. Енді барлығы ел тұрғындарының қолында, мәселені жалпыхалықтық референдум шешеді.
Асқар ҚУАНҰЛЫ,
Қарқаралы қаласы