Ендігі үміт – Аидада
Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан әлем чемпионаты күн өткен сайын қыза түсуде. Толық құрамда аттанған ұлттық құрама спортшылары сәтті өнер көрсетіп-ақ жатыр. Дегенмен, төрт бірдей спортшымыз жарыс жолынан шығып, жүлдесіз қалды. Солардың қатарында 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Сабыржан Аққалықов та бар. Ал, 65 келіге дейінгі салмақта қолғап түйістірген тағы бір жерлесіміз Аида Әбікеева кезекті қарсыласын жеңіп, 1/8 финалға жолдама алды. Жарыстың алтыншы күнінде 70 келіге дейінгі салмақтағы Наталья Богданова қарсыласын жеңіп, жартылай финалға өтті.

Қазақстан әйелдер құрамасының сапында өнер көрсететін Аида Әбікеева жарыстың бірінші күні Венгрия елінің өкілі Лука Хаморимен жұдырықтасып, айласын асырған болатын. Бұл жолы кореялық Кан Сок Енмен кездесіп, өзінің мықты екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жерлесіміз бұл жолы алғашқы минуттан-ақ қарсыласын соққының астына алды. Қарсыласын бұрыш жағалата қуып, қос қолымен соққыны кезек жаудырды. Ал, екінші раундта бұрымды боксшымыз кезекті қарсыласына беріп еді. Кореялық боксшы барынша соққы жасап, шабуылдады. Бірақ, Аиданың осал тұсын таба алмады. Шешуші раундта жерлесіміз кездесуге нүкте қойып, төрешілердің бірауыз шешімімен 1/4 финалға жолдама еншіледі. Егер үшінші қарсыласын жеңсе, қола жүлде қоржынға түсті дей берсеңіз әбден болады.
Сабыржан Аққалықовтан жаттықтырушылары да, бокссүйер қауым да мұндай нәтижені күтпесе керек. Жерлесіміз – 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы. Одан бөлек, Астанада өткен Әлем кубогының жеңімпазы. Жастар арасында өткен біріншілікте тамаша өнер көрсетіп, көпшілік назарына іліккен. Осы турнирден де медальға басты үміткерлердің бірі деп, құрама қатарына үкілеп қосқан болатын. Алайда, алғашқы кездесуінен-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Жерлесіміз бұл кездесу жайында өзінің Instagram парақшасында:
– Бұл чемпионат мен үшін аяқталды. Мұнда жеткілікті дайындық болмады. Ал, енді бірде өзімді көрсете алмадым. Сондықтан, айтарға артық сөзім жоқ. Спорт – осы. Ешқашан ештеңе алдын ала болжанбайды. Бүгін чемпион болсаң, ертең қарапайым қатысушылар қатарында қалып қоюың әбден мүмкін, – деп жазба қалдырды.
Одан бөлек, әйелдер құрамасы сапында 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Надежда Рябец, 54 келіге дейінгі салмақтағы Элина Базарова жарыс жолынан шығып қалды. Ал, 48 келіге дейінгі салмақтағы Назым Қызайбай, 51 келідегі Алуа Балқыбеков, 57 келідегі Карина Ибрагимова, 60 келідегі Виктория Графеева әлем чемпионатының ширек финалына өтті. Сонымен қатар, 70 келіде Наталья Богданова, 80 келіде Гүлсая Ержан да ширек финалда. Ал, 70 келіге дейінгі салмақтағы Наталья Богданова ширек финалда түркиялық Сема Чалышканмен күш сынасқан еді. Отандасымыз алғашқы раундтан бастап басымдық танытып, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Қола жүлде – қоржында. Енді ақтық кезеңнің жолдамасы үшін күш сынаспақ.
Ерлер құрамасы сапында шаршы алаңға көтерілген Төрехан Сабырхан мен аса ауыр салмақта жұдырықтасқан Айбек Оралбай алғашқылардың бірі болып 1/4 финалдың жолдамасын жеңіп алды. 55 келі салмақта өнер көрсеткен Махмұд Сабырхан қарсыласын сұлатып, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша ол да ширек финалдың жолдамасын қоржынға салды. 60 келіге дейінгі салмақтағы Бейбарыс Жексен, 65 келідегі Ертуған Зейнуллинов, 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай да ширек финалда.
Ал, 50 келідегі Санжар Тәшкенбай жарыс жолын чемпионаттың алтыншы күнінде бастады. Әрі бірінші жекпе жегінде Иордания өкілі Хутайфа Эшишпен жұдырықтасып, үшінші раудта жеңісті суырып алды. Енді отандасымыз жартылай финалға шығу үшін сынға түседі. 85 келідегі Бекзат Нұрдәулетовтың бұл турнирде жолы болмады. Грузия елінің өкілі Георгий Кушиташвилимен қолғап түйістіріп, есе жіберді. Осылайша ол Ұлттық құрама сапында төртінші болып жарыс жолынан шығып қалды.
Айта кетейік, бұл мақала 9 қыркүйектегі, яғни, алтыншы күннің бағдарламасы аясында әзірленген.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»