Спорт

Қарағандылық Болгариядағы турнирде қола жүлдеге қол жеткізді

Болгарияның Варна қаласында батут гимнастикасынан өткен әлем кубогында жерлесіміз Ерлан Тасмағамбетов бақ сынаған болатын. Нәтижесінде, синхронды секіруден қола жүлдеге қол жеткізіп, ел қоржынына жүлде салды.

Сурет дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Аталған чемпионат 24-29 қыркүйек аралығында өтті. Бұл турнирде ұлттық құрама сапында үш бірдей қарағандылық спортшы ел намысын қорғаған болатын. Солардың қатарында Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков та бар еді. Бұл жолы Данил мен Никитаға сәттілік жетіспей, турнирден олжасыз оралды. Бірақ, қос спортшы жуырда Германияда өткен Әлем кубогында алтын алған болатын.

Ал, жоғары спорт шеберлігі мектебінің атынан сынға түскен Ерлан Тасмағамбетов бұл жолы жұптық сайыста сәтті өнер көрсетті. Жерлесіміз бұл кезеңде павлодарлық Виктория Бутолинамен бірге өнер көрсеткен. Нәтижесінде, әлемдік бәсекеден құр алақан қайтпады.

Айта кету керек, Ерланның жаттықтырушысы – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, елге белгілі маман Сергей Вертянкин. Бұл есім батут гимнастикасы жанкүйерлеріне жақсы таныс. Енді жаттықтырушы шәкірттерін әлем чемпионатына дайындамақ.

– Біз әлем чемпионатына тек медаль үшін барамыз. Жеңіске деген сеніміміз зор. Осы турнирде сәттілік жетіспей қалған шығар. Бірақ, біздің спортшыларда бәрі бар. Техникалық тұрғыда сәтті комбинациялар, жоғары деңгейдегі дайындық, физикалық және психологиялық тұрақтылық та бар. Сондықтан, біз олардан жақсы нәтиже күтеміз, – дейді ұлттық құраманың бапкері Сергей Вертянкин.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button