Бас тақырып

Енді пәтер иелері кооперативтері басқарудың дербес түріне жатпайды

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, пәтер иелері кооперативтері (ПИК) бұдан былай шаруашылық жүргізудің дербес түрі ретінде танылмайды. Бұл өзгеріс тұрғын үйлерді басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында енгізіліп отыр.

Сурет pavon.kz

Бұған дейін ПИК-тер тұрғын үйлерді күтіп ұстау мен қызмет көрсету бойынша дербес басқару субъектілері ретінде әрекет еткен болатын. Алайда, жаңа заң нормаларына сәйкес, олар енді бірнеше көпқабатты тұрғын үйді біріктіретін, ортақ мүддеге негізделген коммерциялық емес ұйымдар ретінде қарастырылады. Бұл құрылымдар, мысалы, аумақты тазалау, лифт қызметін ұйымдастыру, инженерлік желілерді күтіп ұстау сынды мәселелерді бірігіп шешуге бағытталады.

Енді пәтер иелері кооперативтері міндетті түрде қайта тіркеуден өтіп, заңнамада белгіленген типтік жарғы негізінде жұмыс істеуі тиіс. Олардың қызметі ашық және мақсатты болуы керек: барлық кіріс тек үйлерді басқаруға, үй-жайларды ұстауға, инженерлік инфрақұрылымдарды жөндеуге немесе аумақты абаттандыруға жұмсалуы қажет.

Мұндай өзгерістер тұрғындардың басқару процесіне белсенді қатысуына, есеп-қисаптың ашықтығына және қаражаттың мақсатты пайдаланылуына жол ашпақ. Сонымен қатар, тұрғын үй қорын тиімді басқаруға арналған жаңа үлгі — мүлік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) сияқты нысандарды енгізу жалғасуда. Бұл тәсіл үйлерді басқаруда тұрғындардың нақты мүддесін ескеруге, олардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button