Енді мұғалімдер онлайн аттестаттаудан өтеді
Білім беру жүйесінде арнайы әзірленген «Ұстаз» ұлттық платформасы жаппай қолданысқа енгізілді.

Бүгінгі таңда бұл жүйеге 640 мыңнан астам педагог тіркеліп, өздерінің жеке кабинетін ашқан. Олардың қатарына мектепке дейінгі, жалпы орта, арнайы, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ұстаздары кіреді.
Қазірдің өзінде 95 мыңнан астам мұғалім кәсіби біліктілігін растау процесінен өтуде. Сонымен қатар, 40 мыңға жуық педагогтың өтініші бойынша шешім қабылданып, олардың деңгейі анықталған.
Платформаның басты артықшылығы – бағалау процесінің әділдігі мен ашықтығы. Мұғалімнің біліктілік деңгейі тек комиссияның шешімімен ғана емес, автоматтандырылған жүйе арқылы анықталады. Бұл тәсіл адам факторын азайтып, әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Сала мамандарының айтуынша, онлайн аттестаттау мұғалімдерді үздіксіз даму мен өзін-өзі жетілдіруге ынталандырады. Біліктілігін дәлелдеген ұстаздар лайықты деңгей мен қосымша ынталандыруға ие болады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА