Енді Қарағандыда бағдаршам сигналдары Yandex Qazaqstan навигациялық сервистерінде көрсетіледі
Yandex Qazaqstan Қарағандыда жаңа функцияны іске қосты. Енді жүргізушілер навигациялық қосымшаларда бағдаршам сигналдарын нақты уақыт режимінде көре алады. Бұл жаңашылдық жүргізушілерге бағдаршам түсін қашықтан бақылауға, маневрлерін алдын ала жоспарлауға және жол айырықтарындағы апаттардың алдын алуға көмектеседі.

Жаңа шешім болашақта «жасыл толқыннан» кедергісіз өту үшін жүргізушілерге оңтайлы қозғалыс жылдамдығын көрсетіп, кептелістерді дәлірек болжауға жол ашады. Жоба Қарағанды облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылды.
Қазірдің өзінде бағдаршамдар туралы ақпарат, мысалы, Гоголь көшесі мен Абай көшесінің қиылысында, Яндекс Карталар мен Навигаторда қолжетімді. Смартфон экранында бағдаршам сигналы және таймер көрсетіліп, жүргізушілерге қозғалысты қашан жалғастыруға болатынын алдын ала білуге мүмкіндік береді. Бұл өткір маневрлерді азайтып, қозғалысты анағұрлым қауіпсіз етеді. Әсіресе, тәжірибесі аз жүргізушілер үшін қалада жүру айтарлықтай жеңілдейді.
Бағдаршамдар туралы нақты ақпарат межелі жерге жету уақытын дәлірек есептеуге көмектеседі. Бұған дейін бағдаршамдағы орташа кідіріс уақыты ғана ескерілсе, енді жүйе нақты уақыт деректерін пайдаланады. Сонымен қатар, қатарынан бірнеше қиылысты «жасыл толқынмен» өту үшін ұсынылатын жылдамдық жүргізушілерге отынды үнемдеуге және қозғалыс ағынын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
– Қарағандыда біз қала әкімдігімен бірлесіп, тұрғындардың өмірін ыңғайлы әрі қауіпсіз ету үшін цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Алғашқы қадам – көлік ағынын реттеп, кептелістердің алдын алуға мүмкіндік беретін ақылды бағдаршамдар жүйесі болды. Енді біз келесі кезеңге өтудеміз. Заманауи цифрлық шешімдер көлік ағынын тиімді басқаруға, қозғалысы көп қиылыстардағы жүктемені азайтуға және кептелістерді қысқартуға жол ашады. Ақыр соңында бұл қаладағы қозғалысты барша адамға болжамды әрі жайлы етеді, – деді Қарағанды облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының Басшысы Константин Ильницкий.
Yandex Qazaqstan аталған жобаны басқа қалаларға да енгізуді жоспарлап отыр. Ол қазірдің өзінде Қостанайда іске қосылған. Бағдаршамдар туралы ақпарат Яндекс Карты мен Навигаторда, сондай-ақ Apple CarPlay және Android Auto жүйелерінде қолжетімді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА