Бас тақырып

«Enbek.Bolashaq.Damu»: Ниет болса, жұмыс табылады

Жұмысшы мамандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұл жайлы Қарағандыда өткен «Enbek.Bolashaq.Damu» жастар сле­тінде айтылды. Форумға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 600-ден астам делегат жиналды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Amanat» партиясының облыс­тық бөлімшесі және «Жастар Рухы» жастар қанаты слеттің өтуіне мұрындық болды.

– Келесі жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Бұл біздің слетіміздің негізгі ұранына айналды. Біздің облыста жастарға көптеген жұмыс орындарын ұсынатын ірі кәсіпорындар бар екенін көрсеткіміз келді. Ол үшін оқу, еңбекқорлық және өзіңе деген сенімділік қажет. Біз мұндай іс-шаралардың жастарға пайда әкеліп, кері байланыс алуға мүмкіндік беретіндей етіп, жыл сайын жасауды жоспарлап отырмыз, – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағандыдағы төрағасы Ержан Хамитов.

Слет аясында жастар Саран индустриалды аймағына барып, КamaТyreskz, Silk Road Electronics, QazTehna зауыттарына экскурсия жасады. Сондай-ақ, жастар кәсіптік бағдар беру бойынша кеңестер алды. Слеттің маңызды бөлігі форсайт-сессияда киберқылмыс, синтетикалық есірткі, лудомания секілді өзекті тақырыптар талқыланды. Ашық диалог барысында әрбір қатысушы сұрақтар қойып, сарапшылардан толық жауаптар алды.

Слет панельдік отырыспен аяқталды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз алып, өңірдегі жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған елеу­лі күш-жігерді атап өтті. Сондай-ақ, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартудың, кәсіптік бағдарлау бағдарламаларын енгізудің маңыздылығына тоқталды. Тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектесетін жас мамандарға арналған жеңілдетілген ипотекаға ерекше назар аударылды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – талантты жастар елі. Ертең сіздер мемлекетіміздің абыройын асқақтатасыздар. Ал бүгін біз сіздердің дамуларыңызға барлық жағдай жасауымыз керек» деді. Бұл – жай сөздер емес, бірлесіп жүзеге асыратын іс-қимыл жоспары. Біздің облыс жұмыс күшін белсенді түрде жұмылдыруда, бізге басқа өңірлерден мамандар келеді. Бізде Саран қаласында ірі индустриалды аймақ және Қарағандыда «Сарыарқа» аймағы бар. Жұмыстан қорықпаңыздар. Ең бастысы – ниет, ал бос орындар бізде жеткілікті, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Отырысқа жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастар да қатысты. Олар студенттермен өз тәжірибелерімен бө­лісті және еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне назар аударудың қаншалықты маңызды екенін айтты.

– Мен ірі кәсіпорындар туралы көп нәрсе білемін деп ойламаған едім. Біздің облыста зауыттарда жүріп көптеген қызықты адамдармен таныстым. Мұндай слеттер жастардың қолдау сезінуі және даму мүмкіндіктерін көруі үшін маңызды, – деп атап өтті слетке қатысушы ҚарУ-дың ІV студенті Диана Мұстафина.

Слет соңында әртүрлі салада өзін танытқан бес белсенді қатысушы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, меценат Асқар Оразбековтен 100 мың теңгеге ақшалай сертификат алды.
Слетте өңірдегі жастар саясатын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары белгіленді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button