АймақБұқар жырау

Эмилия қызыққан экспонат

Еліміздің бас қаласы – Астананың ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында Қарағанды қаласындағы Достық үйінің мұражайында «Жайнай бер, ару қала – Астана!» тақырыбымен 19 маусымда басталған көрме мереке күніне дейін жалғасатын болады. Оны ұйымдастырып, өткізіп жүрген 30 жыл бойы Бұқар жырау ауданының мәдениет бөлімін басқарып, қазір осы мұражайдың қызметкері болып істейтін Мүгілсім Шибаева. Ол зейнетке шықса да, экскурсияның мағыналы өтуіне күш салып, келушілердің қызығушылығын тудыруда.

Бүгінгі күнге дейін мұнда 600-ге жуық адам келіп, мұражай экспо­нат­тарымен танысып үлгерді. Олар­дың арасында кеншілер қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері, балабақша бүлдіршіндері, мектептер жанындағы жазғы лагерьлердегі оқушылар және ере­сектер де бар. Тіпті, 1 шілдеде мұражайда Америкада тұратын румын қызы Эмилия да болып, ол Астана қаласы, Бұқар баба, қазақ халқының мәдениетіне қатысты жәдігерлерді көріп, жақсы әсерге бөленген.

Жалпы, бұл мұражайда облыс­тық этно-мәдени бірлестіктерге арналған 23 сөре орналастырыл­ған. Мүгілсім Ғұбайдуллақызы ке­лушілердің жас ерекшеліктеріне қарай «Қазақстан халық Ассамблея­сының ролі», «Достық деген не?» деген тақырыптарға қысқаша тоқ­талып, одан әрі негізгі бөлімде Астана жайлы викторина өткізіп, сөрелердегі әр ұлттың бұйымдарын, қолөнер шеберлері жасаған қазақтың ұлттық құнды дүниелері мен көненің көзіндей жәдігерлермен таныстырады. Мәселен, осында қойылған ат әбзелдері, құмыралар, қазан-ошақ, алтыбақан, киіз үй жабдықтары торсық пен күбі, тағы да басқа заттар ешкімді бейжай қалдырмайды. Әсіресе, жергілікті суретші Жомарт Мәліктің теріден салған Астана суретіндегі Бәйтерек, Пирамида, Ханшатыр атауларын балалар тап басып айтып береді. «Видергебурт» неміс орталығы жанында жұмыс істейтін 50-60 жастағы синьоралардың «Бастельн» қолөнер үйірмесінің туын­дылары – 22 қуыршаққа деген олардың қызығушылығы зор

Бір қызығы, Мүгілсім Ғұбайдуллақызы экскурсия сайын әр этностың мұражайда тұрған ұлттық аспаптарынан Астана күні құрметіне «Достық» атты ансамбль құрып, келушілердің көңілінен шығуда. Ансамбльдегі балалар түріктің зурнасы, қазақтың тайтұяғы, орыстың қаланы, тағы басқа да аспаптармен өнерлерін жұрт көзіне ұсынып жүр. Сондай-ақ, мұражайға алғаш келген балабақша бүлдіршіндеріне әр сөредегі ойыншықтар мен қуыршақтар көрсетіліп, келушілер концерт залына барып, еліміздің Әнұранын бәрі қосыла шырқайды.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button