Емхана жұмысында іркіліс жоқ
Коронавирус статистикасын күнделікті қарап жүрмесе де кез келген оқырман вирус жұқтырғандардың артқанын аңдай алады. Сондықтан, көктемжаз мезгіліндегі жағдайдың қайталауынан қорқатыны сөзсіз. Оның үстіне әлеуметтік желідегі түрлі ақпараттар көпшіліктің күпті көңілін одан сайын алаңдатпай қоймайды. Осыған байланысты облыстың денсаулық сақтау басқармасы облыс орталығындағы емханалардың жұмысы қалыпты екенін мәлімдейді.
– Карантин болса да біздің жұмыс жоспарлы түрде жалғаса береді. Ауруханаға жоспарлы түрде жататын науқастар ПТР тестілеуді емхана жолдамасы мен бірге алып келеді. Ал, шұғыл жағдайларда біз ПТР талап етпейміз, оны өзімізде жасатып аламыз. Вирустың бар-жоғына сенімсіз болған жағдайда фильтр бөлмесіне жатқызылады. Сараптамасы оң нәтиже көрсетсе инфекциялық бөлімге жіберіледі, таза болса, біздегі бөлімдерге жатқызылады. Аурухана жалпы 28 бағыт бойынша қабылдау жүргізеді, оның барлығы қазір жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда барлығы 415 адам ем алуда, – дейді профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді емхана директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев.
Аурухана басшысының айтуынша, Михайловка аудандағы аурухана инфекциялық аурухана ретінде консервацияда екен. Карантин кезінде де келушілер саны кеміген емес. Жалпы дәрігерлер COVID-тің екінші толқынына дайын екендіктерін айтуда.
COVID-19 індетін таратпау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметінше, өткен тәулікте вирус жұқтырудың 591 жаңа жағдайы анықталған. Біздің облыста 20 жағдай тіркелді. Осылайша, облыс көлемінде барлығы 10 662 адам болса, елімізде 114 826 адам індетке шалдықты. Айығып шыққандар мұншалықты көп болмаса да бар. Республика бойынша 200 адам вирустан жазылса, оның 11-і біздің облыстан.
Коронавируспен қатар өршіген пневмония көрсеткіші де артқаны байқалады. Өткен тәулікте 231 адамда пневмония анықталды. Ал, та мыздың бірінен бері барлығы 38 721-ді құрайды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 5 608 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 340 бала бар. Стационарларда 2 646 науқас жатыр. 2 962 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 155 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 22 науқастың ахуалы аса ауыр деп бағалануда. 25 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Шығыс Қазақстан облысын «қызыл аймаққа» енгізген, вирус енді еліміздің солтүстік аймақтарына қарқынды таралып жатыр. Бүгінде Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары «сары аймаққа» кірді. Басқа өңірлер қалыпты дегенімізбен, бұл қатер жоқ деген сөз емес. Дәрігерлер гигиеналық талаптарды сақтауға шақырудан жалыққан жоқ. Сақтық шараларын орындау арқылы вирустың таралуын кішкене де болса тежеуге болатынын тағы да естеріңізге саламыз.
Жансая ОМАРБЕК.