Емделушілер мүддесі ескеріледі
Облыстың Денсаулық сақтау басқармасы медициналық «Жедел желі» жұмысының аралық қорытындысын шығарды. Жыл басынан бері CALL-орталыққа 4693 адам хабарласыпты. Дені анықтамалық ақпараттарға қатысты көмек алған.
- Біздің мамандарға көбіне адамдар медициналық ұйымның телефонын білуге, қандай да бір мәселемен қай дәрігерге бару керектігін немесе порталға тұруға қандай құжаттар жинау керек екенін білу үшін хабарласады, – дейді Call-орталықтың жетекшісі Татьяна Коростелева.
Мамандар өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлер мен медициналық ұйымдарға түскен шағымдар 25%-ға төмендегенін атап өтті. Десе де, дәрігерге жазылу мен ауруханаға жатқызу ережелеріне көңілі толмайтындар қатары көп. Бұл мәселелерді Call-орталық операторлары бірден шешуге мүмкіндік береді. Науқас немесе оның туысы қоңырау шалған жағдайда «жедел желі» маманы бірден медициналық ұйымға хабарласып, туындаған барлық мәселелерді шешеді. Бірнеше күннен соң оператор медициналық ұйымға «шешуші қоңырау» жасайды. Сол арқылы қажетті көмек көрсетілген-көрсетілмегенін анықтап, науқастың жағдайын біледі.
Қарапайым халық пен емдеу мекемелері арасындағы байланысты нығайтып, екі тараптың да мүддесін қамтамасыз ететін Call-орталық аймақта 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қоңыраулар жұмыс күндері сағат 9:00-18:00 аралығында қабылданады. Басқа күндері хабарлама қалдыру мүмкіндігі жасалған.
Жансая ОМАРБЕК.